Қазақстан Бас прокуратурасы Костенко шахтасындағы апатқа қатысты тергеу барысында күдікке ілінген 10 азамат туралы ақпаратты жария етті.
Прокуратура ақпаратына сүйенсек, іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылған, оның ішінде 46 азамат қаза тапқан кеншінің жақын туыстары бар. Бұдан бөлек, денсаулығына әртүрлі дәрежеде зиян келген 28 кенші де бар.
Прокурорлар инженерлік-техникалық персонал мен шахта басшылығы тиісті бақылауды қамтамасыз етпегенін, оқыс оқиғаларды зерттемегенін және жарылыстан қорғау шараларын орындамағанын анықтаған.
Күдікке ілінген азаматтар:
- Шахта директоры Мустивко С.
- Шахтаның бас инженері Грознов Н. Ө
- Шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Еремин В.
- Бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары Федоренко Д.
- Қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы Шишканов В.
- Қауіпсіздік техникасы учаскесінің шаң жарылысынан қорғау жөніндегі бастығының көмекшісі Пестряк В.
- Апат басталған № 6 учаскенің бастығы Коптенков В.
- Конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Ғабдушев Т.
- Бас инженердің үңгілеу жөніндегі орынбасары Гонноченко В. В.
- Шахтаның бас механигі Коцар Д.
Ақпаратқа сәйкес, 2023 жылдың 28 қазанында сағат 02:44 шамасында 700 метр тереңдіктегі жерасты тазарту қазбаларында метан-ауа қоспасының тұтануы салдарынан алғашқы жарылыс болған. Осыдан соң, шахтаның туннельдері арқылы өткен қысым тағы бірнеше жарылысқа әкеп соқтырды. Нәтижесінде 46 шахтер қаза тауып, 28 кенші жарақат алды.
«Бастапқы жарылыс (14 кеншінің өліміне әкелген) 48к3-батыс бөлігінің №6 көмір өндіретін учаскесінде метан-ауа қоспасының тұтануынан пайда болған. Әсерінен шахтаның туннельдері арқылы көмір шаңының тұтануынан пайда болған көптеген жарылыстарға жалғасты (32 кеншінің өліміне әкеліп соқты). Жарылыстардың таралу қашықтығы шамамен 6 км — №48к3 бөліктен-батысқа қарай №42к2 бөлікке дейін-шығысқа қарай болды», — делінген хабарламада.
«Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын» бұзу фактісі бойынша (Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі) 10 адамның үстінен іс қозғалып, 9 қамауда отыр.
31 қазанда Бас прокурордың орынбасар Ғалымжан Қойгелдиев Костенкодағы апатқа байланысты ArcelorMittal компаниясына қатысты тергеу жүргізілгенін айтты.