Жаңалықтар

Қазақстанның тұрғын үй нарығын не күтіп тұр: баға құбылып, 2025 жылы құрылыс қарқыны төмендеуі мүмкін бе?

2025 жылы тұрғын үй бағасы өсе ме? / Архив: kursiv.media

2024 жылдың екінші тоқсанмен салыстырғанда, үшінші тоқсанда жылжымайтын мүлік нарығында белсенділік 26,5%-ға артты. Ең жоғары өсім Астана мен Батыс Қазақстан облысында байқалды. Алайда қыркүйекке қарай аталған көрсеткіш күрт төмендеген. Бұл туралы Қазақстанның тұрғын үй нарығы бойынша жабық дөңгелек үстел барысында «Комментарий» телеграм арнасының сарапшысы Әлішер Кәрімов айтты.

Оның сөзінше, бұған екі фактор ықпал еткен. Біріншісі, «Отау» мен «Наурыз» бағдарламалары. Екіншісі, Бірыңғай зейнетақы қорынан қаражат алуға қатысты ақпарат.

«Ал қыркүйек айында сатып алу-сату мәмілелерінің саны шілде-тамыз айларындағы белсенділекке қарағанда, біртіндеп төмендей бастады (39,5 мың; -3,2% айына). Бұл ипотекалық несие мен Бірыңғай зейнетақы қорынан қаражат алудың қысқаруы аясында тіркелді», – деді сарапшы.

Астанада баспана саудасы бәсеңдеп, Алматыда артты

Сарапшының айтуынша, жалпы қыркүйекте елдің тұрғын үй нарығында сатып алу, сату мәмілелерінің саны 3,2%-ға, 39,5 мыңға дейін төмендеді. Бұл ретте ең үлкен құлдырау Астанада (-19%) тіркелді. Ал Алматыда транзакциялар 12,7% немесе 8,2 мыңға дейін артты. Бұл жалпы сектордағы құлдырау аясында байқалып отыр.

Өңірлерде жылжымайтын мүлік саудасы қыркүйекте 2,3%-ға (23 мың) азайды. Ең нашар статистика Қостанай (-11,3%-дан 1,4 мыңға дейін) және Ақтөбе облыстарында (-10,4%-дан 1,6 мыңға дейін) байқалды. Бірақ Батыс Қазақстан (+6,8%) мен Шығыс Қазақстан (+6,6%) облыстарында көрсеткіш керісінше өсті.

«2023 жылдың қаңтарынан бастап Алматыда қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 6,5%-ға, Шымкентте -2,6%-ға арзандады», – деді маман.

Тұрғын үй нарығындағы трендтер

Біріккен риэлторлар қауымдастығы президенті Лариса Степаненконың айтуынша, қазір нарықта қала сыртынан үй алып қою сынды тренд байқалады.

«Қазір қала сыртынан үй салу немесе алу сынды жаңа тренд пайда болды. Ол таунхаустар, жер үйлер секілд нысандар. Бұл Алматыда қаңтар айында болған жер сілкінісінің салдары болуы мүмкін. Сол тұста қала тұрғындары мегаполис сыртына қарай кетуге ұмтылғаны есімізде», – деді қауымдастық басшысы.

Жалға алғанша, сатып ал

Жылжымайтын мүлік нарығы бойынша маман Александр Бикетовтің айтуынша, , қыркүйектің басында пәтерлердің 10%-ға жуығын студенттердің ата-аналары сатып алған.

«Тамыз, қыркүйекте балаларына пәтер сатып алған ата-аналар саны артқанын байқадық. Бұл – өте тиімді. Егер сіз 1-2 бөлмелі пәтерді 5 жылға жалдау ақысын есептесеңіз, онда сіз пәтер құнының жартысын, тіпті 80%-ға дейін жұмсағаныңызды көресіз. Ал егер жалдау ақысы өссе, онда баспана құнын толық жалға алуға төлейсіз. Ал сіз пәтер сатып аласыз немесе ипотека алсаңыз 4-5 жылдан кейін оны сата аласыз. Әлде жалға беруге болады. Тіпті оны инвестиция ретінде қарастыруға болады», – дейді сарапшы.

Оқуын аяқтаған балада дайын инвестиция құралы болады. Осы арқылы ата-ана баланы ынталандырады. Маман мұндай клиенттер өте көп екенін айтады.

«Мәселен, жазғы кезеңді, қыркүйектің басын алатын болсақ, шалғай ауданнан пәтер сатып алатын клиенттердің шамамен 10%-ы осындай клиенттер. Бұл студенттер мен ата-аналар», – деді спикер.

Ипотека нарығы: 2025 жылы баспана бағасы өсе ме?

2024 жылдың үшінші тоқсанында ипотекалық операциялардың үлесі 29,1%-ға төмендеді. Осылайша несиелер көлемі бір айда 13,3%-ға азайып, 201,2 млрд теңгені құрады. «Отбасы банкіне» ипотекалық несие нарығының 62,9%-ы тиесілі. Әлішер Кәрімовтің айтуынша, қазір базалық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты нарықтық ипотекалар тиімді емес.

«Зейнетақы жинақтары таусылғандықтан, нарық белсенділігі қалыпты төмендейді деп болжап отырмыз. Жылжымайтын мүлік бағасына көші-қон сияқты фактор ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар баға Ресей мен әлемдегі оқиғалардың өрбуіне байланысты. Нарықтың негізгі драйвері осы іргелі факторлар болады. Инфляция деңгейінде баға өседі деп айтуға болады», – деп қорытындылады сарапшы.

Еске сала кетсек, Қазақстандағы тұрғын үй қорының дені ескіргенін хабарлаған едік. Оның 60%-ы – 1980 жылдарға дейін бой көтерген ғимараттар.