Жаңалықтар

Қаржылық мониторинг агенттігі «Алтын орда» базарын рейдерлік жолмен тартып алды ма?

«Алтын орда» базары рейдерлік жолмен қайтарып алынды ма? /

Қаржылық мониторинг агенттігі «Алтын орда» базарын рейдерлік жолмен тартып алды ма? Бұл сұраққа Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Сенат кулуарында жауап берді.

Бұған дейін, Алматыдағы «Алтын ордa» базары рейдерлік жолмен қайтарып алынғаны туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтқан еді.

Абзал Құспанның айтуынша, 2022 жылы президент Алматы қаласы мен облысының әкіміне «Алтын Ордa» нарығын тәртіпке келтіруді тапсырған. Алайда әкімдердің бұл мәселеде ешқандай құзыреті жоқ, өйткені барлық билік құқық қорғау органдарының қолында. Депутаттың айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігі «Алтын ордa» базарын иелену үшін екі ай бойы тергеу жүргізіп, нәтижесінде базарды өздерінің бақылауына алған.

Ғалымжан Қойгелдиев бұл факті бойынша тергеу жүргізілгенін атап өтті.

Тергеу барысында «Алтын Ордa» базарын басып алуға қатысты ешқандай рейдерлік әрекеттер расталмаған. Мен тергеу барысында анықталған жағдайларға ғана негіздеме жасаймын, — деді прокурордың орынбасары.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Алтын ордa» базарының бұрынғы атқарушы директоры Ермек Марқабаев пен базардың ортақ иесі Данияр Әлпиев сотталған еді.