Lifestyle

«Астана» футбол клубының бапкері Атыраудың легионерін неге ұрды?

Астана мен Атырау ойынында жаппай төбелес болды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

30 қазан күні футболдан Қазақстан премьер-лигасы аясында Астана мен Атырау футбол клубтары кездесті. Кездесуде Астана 3-2 есебіміне жеңіске жетті.

Ойыннан кейін, екі клубтың ойыншылары арасында жаппай төбелес болды. Атыраудың легионері Жоэль Каямбаның айтуынша, оған Астананың бас бапкері жұдырығын ала жүгірген. Бұл туралы футболшы өзінің Instagram парақшасында жазды.

Қайтадан сол баяғы былық, Қазақстан футбол федерациясы бұған не деп жауап береді екен? Астананың бас бапкері мені не үшін ұрды? «Астана» сияқты клубтың бапкері мұндай қылыққа барады дегенге сенбеуші едім. Мемлекет имиджіне кір келтірмей, өзің кәсіби тұрғыдан көрсете білу керек қой, – деп жазды Жоэль Каямба.

Алайда ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Астананың» бас бапкері Грегорий Бабаян төбелес жайлы ешқандай пікір білдірген жоқ, тек қана төрешілікті сынға алды:

«Біз үшін ең бастысы – жеңіс. Бірақ бүгін төрешінің іс-әрекеті ақылға сыймады, шектен шықты десе болады. Соңында оның пенальти қоймасқа амалы қалмады, бір эпизодта доп алдымен «Атырау» футболшысының, содан кейін екінші ойыншының қолына екі рет тиді. Бұл ойын тәртібін ашық бұзу болды жәңе біз сенімді жеңіске жеттік», – деді Бабаян. 

Айта кетейік, ойында «Астана» екі голды пенальтиден соқты. 85-минутта Назми Грипши пенальтиден дәл соққы жасап, командасын алға шығарды. Ал қосымша уақытта (алты минут қосылған) 102-минутта Бранимир Калаица тағы бір голды соғып, командасына жеңіс сыйлады. Осылайша, ойыннан кейін Астана турнирлік кестеде бірінші болып тұрған алматылық Қайраттан екі ұпайға озып көш бастады.

Бұған дейін, Антикор «Астана» футбол клубын сынға алғаны туралы жазған едік. Соңғы алты жылда «Астана» футбол клубы балалар футболы мен инфрақұрылымға көңіл бөлмей бюджетті легионерлерге ғана жұмсап келген.