Түркістан облысында құны 146,8 млрд теңге болатын мақта өңдеу кешені салынады. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан облысындағы Turan арнайы экономикалық аймағында болашақ мақта агроөнеркәсіп кешенінің капсуласын салу рәсімі өткен.
Салтанатты шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС директоры Сюй Цзе қатысқан.
«Түркістан облысында мақта шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін 146,8 млрд теңгені құрайтын жоба жүзеге асырылады»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Толық циклді тоқыма фабрикасы 11 цехтан құралады. Цехтардың әрқайсысында иіру, мата әзірлеу, бояу, өңдеу сынды жұмыстар жүзеге асыралатын болады. Кешеннен жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн метр үй тоқымасы, 7 млн жиынтық төсек әбзелдері шығарылады деп болжанып отыр.
Сонымен бірге фабрикада 2000-нан астам адам жұмыс істейтін болады.
Жоба құрылысын Қытайдың Xinjiang Lihua (Group) Co., LTD компаниясы жүзеге асырмақ. Бұл компания атақты Louis Vuitton және Gucci сияқты сән индустриясының алыптарымен ынтымақтастық орнатқан.
«Болашақта made in Turkestan тігін жіптері мен маталары осы брендтерге сатылатын болады»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы шеңберінде тоғыз мақта кешені құрылады.
Аталмыш кешен мақтаны егуден бастап, мата етіп шығаруға дейінгі кезеңді толық қамтиды. Осы орайда өңірде аталмыш фабрикаға қажетті элиталы мақта сорты да егілмекші.
Жалпы өңірде жыл сайын 100 мың га жерге мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналып отырады. Өңірдің осы мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін бірнеше мақта фабрикасы салынады. Сондай кешеннің бірі 2023 жылы іске қосылған «Cotton Мақта» ЖШС-і. Бұдан бөлек, Қытай мен Өзбекстан инвесторларының қатысуымен құны 223,5 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.