«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың Назарбаев Зияткерлік мектептерін қаржыландыруға қатысты мәлімдемесінде айтылған ақпаратты жоққа шығарды. Ұйым басшылығы әр оқушының жан басына шаққандағы шығыны 27 млн теңегеге жетпейтінін айтады.
«Мәжіліс депутаты Назарбаев Зияткерлік мектептерін қаржыландыруға қатысты мәлімдеме жасады. Магеррам Магеррамовтың айтуынша, 2011-2024 жылдар аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бір оқушысына жыл сайын 27 миллион теңге бөлінген. Бұл деректің нақты қайдан алынғаны белгісіз, бірақ бұл мүлдем шындыққа жанаспайды және қоғамды жаңылыстыруда», – дейді ұйым төрғасы.
Ұйым басшысының мәліметінше, 2024 жылы NIS-те оқуға арналған білім грантының сомасы 2 349 191 теңгені құрайды. Бұл сомаға мектеп қызметкерлерінің жалақысы, оқушылардың тамақтануы және коммуналдық шығындар кіреді екен. Жанғозин бұл соманы айтарлықтай көп емес деп санайды.
«Бір Зияткерлік мектеп оқушысын қаржыландыру 2,3 млн теңгені құраса, бір тұтқынды қаржыландыруға 2,7 млн теңге бөлінеді», – дейді ол.
Осы орайда ұйым жетекшісі депутаттың мектептердің қаржыландыруын өңірлердің бюджетімен салыстыруын дұрыс емес деп санайды.
«Бұл мүлдем дұрыс емес, өйткені бұл бір-біріне пара-пар келмейтін жағдайларға негізделіп өлшенеді», – дейді Жанғозин.
Сөз соңында ұйым төрағасы тек дәлелденген және нақты мәліметтермен жұмыс істеуге шақырды.
Айта кетсек, 30 қазанда өткен Мәжіліс отырысында депутат Магеррам Магеррамов «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ға жыл сайын Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінетінін айтқан болатын. Депутат, Назарбаев университеті мен мектебінде оқитын әр балаға жан басына шаққанда шамамен 27 млн теңге жұмсалатынын айтып, Үкіметті үнемдеуге шақырды. Айтуынша, 2011-2024 жылдар аралығында бұл білім ұйымына 689 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Депутат бұл сома бір адам үшін ең жоғары субвенция төленетін Солтүстік Қазақстан өңірінің шығындарынан да көп екенін айтты.