Экологиялық дауды шешу үшін «Қашаған» инвесторлары Қазақстан тарапымен келіссөз жүргізіп жатыр

Жарияланды
Қашаған инвесторлары
«Қашаған» инвесторлары келіссөз жүргізуге талпынып жатқанын шетел басылымдары жазған болатын / Фото: ncoc.kz

«Қашаған» инвесторлары экологиялық дауға байланысты Қазақстанмен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жайлы Әділет министрлігінің брифингінде Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Мұсабаев айтты.

«Қашаған» кен орнына қатысты экологиялық мәселе бойынша Экология министрлігіне заң тұрғысынан көмек көрсетеміз. Инвесторлар тарапынан келіссөз жүргізу туралы мемлекетке ұсыныс түсті. Қазіргі уақытта келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл келіссөздердің қалай жүріп жатқаны туралы құпиялылық міндеттемелеріне байланысты ешқандай ақпарат бере алмаймын», – деді министрлік өкілі.

Келіссөз туралы

Айта кетсек, Bloomberg басылымы North Caspian Operating Company (NCOC) 5 млрд долларға тең экологиялық айыппұл орнына түрлі әлеуметтік бағдарламар ұсынып, келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы жазған болатын.

Алайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қашаған кен орнын игеріп жатқан шетелдік инвесторлардан 5 млрд доллар экологиялық айыппұлды реттеуге қатысты ешқандай ұсыныс алмағанын мәлімдеді.

Bloomberg мәліметінше, «Қашаған» операторы Қазақстанның әлеуметтік жобаларына 110 млн доллар көлемінде инвестиция салуға ниетті. Сонымен бірге ішкі нарықа арзан газ жеткізуге, әлеуметтік даму қорын құруға ұсыныс жасаған.

Даудың басы

2023 жылы Атырау экологтары Қашаған кен орнының қоймаларында күкірт шамадан тыс сақталып тұрғанын анықтаған. Экологтар NCOC қоршаған ортаны қорғау жоспарын толық орындамай отыр деп айыптады: ағынды сулар тиісті тазартусыз булану тоғанына жіберіліп, шикі газ экологиялық рұқсатсыз жағылып келген.

Экологиялық нормаларды бұзған компанияға Экология министрлігі 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар) айыппұл салған болатын. Бірақ бұл айыппұлмен келіспеген North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы сотқа шағым түсіріп, айыппұлды даулауға кіріскен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз