Жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» қоры Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған «АзияГаз Чунджа» компаниясын сатып алды

«Самұрық-Қазына» Боранбаевқа тиесілі болған «АзияГаз Чунджа» компаниясын сатып алды / коллаж: instagram.com/kairat4, sk.kz және shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

«Самұрық-Қазына» қоры бұған дейін Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған «АзияГаз Чунджа» компаниясының жарғылық үлесіндегі 100% акциясын сатып алды. Ол «Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы – «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ меншігінде болады. «АзияГаз Чунджа» акцияларын «Самұрық-Қазынаның» пайдасына беру туралы шешім 30 қазанда қабылданған. Қазір қорда 26 компания бар.

«АзияГаз Чунджа» ЖШС Алматы облысындағы Ұйғыр ауданын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отыр. Оның нарықтық құны 14 млрд деп көрсетілген. Аталған ЖШС Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің меншігінде болды.

2023 жылдың қыркүйек айында Боранбаев «ҚазТрансГазға» (қазіргі QazaqGaz) тиесілі 14,5 млрд теңгені жымқырды және жылыстатты деген айыппен алты жылға сотталған.

Тергеушілердің мәліметінше, Боранбаев 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 11 ақпаны аралығында өзінің сыбайластарымен бірге «АзияГаз Чунджа» және QazaqGaz арасында 2,2 млн текше метр тауарлық газ жеткізу бойынша мәмілелер жасаған, оның құны 141 млрд теңгеге көтерілген. Бұл келісім топтың ұлттық компанияға тиесілі қаражатты ұрлауына мүмкіндік берді.

20 қазанда сот бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстырды, ал 6 қарашада кәсіпкер босатылды. Бұған дейін Боранбаев өзінің көптеген мүлкін мемлекет меншігіне өткізген.