Lifestyle

Тәжікстанда Grand Theft Auto және Counter Strike ойындарына тыйым салынды

Тәжікстан PlayStation ойынына тыйым салды/ фото: kursiv.media

Тәжікстанның құқық қорғау органдары компьютерлік клубтарда Grand Theft Auto (GTA) және Counter Strike ойындарын таратуға тыйым салды. Орталық Азияда PlayStation ойындарына алғаш рет тыйым салған ел Тәжікстан болып отыр.

Елде бұл ойындарға қатысты бейнероликтерді көрсетуге де шектеу қойылды.

ASIA-Plus басылымының ақпараты бойынша Ішкі істер министрлігінің Душанбе қаласы бойынша департаменті компьютерлік және ойын орталықтарының иелеріне азғындық және зорлық-зомбылық мазмұндағы бейнероликтер мен ойындарды таратуға қатаң тыйым салатындығы туралы хабарлайды

«Бұл, әсіресе, Тәжікстан Мәдениет министрлігінің қорытындысына сәйкес зорлық-зомбылық, қатыгездік, кісі өлтіру және тонау элементтерін қамтитын «Conter Strik» және «Grand Theft Auto» (GTA) сияқты танымал ойындарға қатысты», – делінген департамент мәлімдемесінде. Алайда тағы қандай ойындарға тыйым салынғаны айтылмады.

Құқық қорғау органдары жасөспірімдер де, жастар да осындай ойындардың теріс ықпалына түсіп, түрлі қылмыстарға баратынын көрсетіп отырғаны атап өтіледі.

«Осыған байланысты билік азаматтарды балаларын бақылауға және зорлық-зомбылықты насихаттайтын ойындарға жол бермеуге шақырады», – деп атап өтті қала полициясы.

Ішкі істер министрлігі бұл тыйымның сақталуын қамтамасыз ету үшін елордалық интернет-кафелерде тұрақты рейдтер мен тексерулер жүргізуді жоспарлап отырғанын ескертеді.