Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбай отанына қайтарылуы мүмкін бе — Бас прокуратура жауап берді
Есірткі контрабандасы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Қазақстан азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарылуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев жауап берді.
Сенат кулуарында БАҚ өкілі Ақжарқын Тұрлыбайдың елге қайтарылғаны жөнінде түрлі ақпарат тарап жатқанын айтып, оның қаншалықты шындыққа жанасатыны жайында сұрады.
«Әлеуметтік желілерде елге қайтарылды, бірақ оны жарияламай жатыр деген сияқты түрлі ақпараттар тарап жатыр. Осы бағытта қандай жұмыс жүріп жатыр. Ақжарқын Тұрлыбай қазір қайда және оны Қазақстанға қайтару жоспары бар ма?», – деп сұрады БАҚ өкілі Бас прокурордың орынбасарынан.
Ғалымжан Қойгелдиев Қазақстан азаматшасын елге қайтару мәселесі бір сәтке де тоқтамағанын айтады.
«Ақжарқын Тұрлыбай жайын айтар болсам, біз Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, Қазақстан азаматшасын Қытайдан қайтаруға бар күш-жігерімізді салудамыз. Ол жұмысты тоқтатқанымыз жоқ, белсенді түрде атқарылуда. Менің ойымша, жақын арада оң шешім табады деп сенемін. Ол оңай жұмыс емес», – деді.
Спикердің айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбай жазасын елге келіп өтеуге қатысты бас прокуратураға арыз түсірген. Сондай-ақ онымен адвокаты тұрақты түрде байланыста екенін атап өтті.
Еске сала кетсек, Қазақстан азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында құрықталған болатын. 2015 жылғы маусымда сот оны есірткі контрабандасы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырған. 2016 жылы үкімнің күші жойылып, іс жаңа қарауға жіберілген. Алайда 2019 жылы желтоқсан айында Қытай соты оған қатысты үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Ал биыл мамыр айында Сенат Қазақстан мен Қытай арасында азаматтық, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Бұл құжат екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға көмектеспек.
Осы орайда журналистер Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселековадан Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайдың қалған жазасын өз елінде өтеу мүмкіндігі туралы сауал жолдаған болатын.
Министрлік өкілі екі ел арасындағы экстрадиция мәселесі Бас прокуратура құзыретіне кіретінін айтты. Десе де аталған құжат негізінде екі ел өзара бірлесіп әрекет етуіне мүмкіндік беретінін, соның аясында прокуратура арқылы мұндай мүмкіндіктерді пайдалануға болатынын жеткізген еді.