Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: ІТсектордың қорқынышы, АҚШ-та инфляция тұрақты, Британияның дағдарыс бюджеті

Фото: Shutterstock

АҚШ қор нарығына Федералды резервтік жүйенің (ФРЖ) мөлшерлемені төмендету қарқынына ықпал етуі мүмкін жеке тұтыну инфляциясына қатысты маңызды деректер ұсынылды. Ірі технологиялық алпауыттар жасанды интеллектіге (ЖИ) инвестицияны ұлғайтып, пайдасын азайтып отыр. Сондықтан инвесторлар олардың акцияларын сатып жатыр. Ұлыбритания несие нарығында дағдарысты қайталауы мүмкін. Осы және басқа да тақырыптар туралы 31 қазандағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Nasdaq және S&P 500 ірі компаниялар болашағына қатысты алаңдаушылық аясында төмендеп келеді

31 қазан, бейсенбі күні Meta мен Microsoft компаниялары жасанды интеллектіге қомақты шығындар жұмсайтынын хабарлағаннан кейін, Nasdaq индексі 2,3%-ға төмендеді. Бұл компаниялардың кірісіне әсер етуі мүмкін. S&P 500 индексі 1,43%-ға, Dow индексі 0,49%-ға төмендеді.

Meta және Microsoft компанияларының тоқсандық есептерімен танысқаннан кейін, ірі технологиялық компаниялардың акцияларының өсуіне деген оптимизм бәсеңдей түсті. Нәтижелері Уолл-стриттің болжамынан асып түскенімен, екі компания да жасанды интеллект инфрақұрылымына шығындарын көбейтетінін мәлімдеді деп хабарлады Yahoo Finance. Инвесторлар кірістің төмендеуінен қауіптеніп, акцияларын сатуға кірісті.

Бұл толқу Amazon және Apple компанияларына да әсер етті. Жасанды интеллект саласына маманданған Nvidia компаниясының акциялары да шамамен 4%-ға төмендеді. Сонымен қатар 10 жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігі 4,33%-ға өсті.

АҚШ-тағы PCE инфляциясының деректері ФРЖ-ға мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетуге мүмкіндік береді

Федералдық резервтік жүйе бейсенбі күні өзі қалағандай инфляция деректерін алмаған болуы мүмкін. Дегенмен бұл статистика қаржы реттеушісіне мөлшерлемені тағы 25 базистік тармаққа төмендетуге мүмкіндік береді деп жазды Yahoo Finance.

Айта кетейік, АҚШ үкіметі қыркүйек айындағы жеке тұтыну инфляциясының деректерін – PCE көрсеткішін жариялады. Бұл ФРЖ үшін маңызды көрсеткіш. Жылдық көрсеткіш бойынша инфляция тамыздағы 2,3%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Алайда ФРЖ азық-түлік пен энергия бағасының құбылмалылығын ескермейтін «негізгі» көрсеткішке сүйенгенді жөн көреді. Бұл көрсеткіш бойынша инфляция 2,7%-ды құрады. Тамыз айындағы деңгеймен өзгеріссіз қалды және шамалы ғана 2,6%-ға төмендейді деп күтілген еді.

LPL Financial компаниясының бас жаһандық стратег маманы Куинси Кросби 7 қарашада тек ширек тармаққа жеңілдету жариялануы мүмкін екенін айтты. Басқа экономистер де қарашада мөлшерлеменің сәл төмендеуін күтіп отыр. Өйткені ФРЖ мүшелері арасында мүмкін болатын үзіліске қатысты келіспеушіліктер туындауы ықтимал.

«Біз ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл келесі аптада ақша-несие саясатын абайлап жеңілдету қажеттігіне қатысты FOMC мүшелерін тағы да көндіреді деп үміттенеміз», – деді EY бас экономисі Грегори Дако.

Ұлыбританияда облигациялар үкіметтің жаңа бюджетін қабылдағаннан кейін төмендеді

Reuters мәліметінше, үкімет бюджетті қабылдағаннан кейін, британдық мемлекеттік облигациялардың бағасы төмендеді. Себебі инвесторлар бұл бюджеттің инфляцияның өсуіне әкеліп, Англия банкінің пайыздық мөлшерлемелерді баяу төмендетуіне мәжбүр ететініне сенді.

Екі жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігі бірден 22 базистік тармаққа өсіп, 4,539%-ға жетті. Он жылдық қазынашылық облигациялар жылдық максимумға жетіп, 4,526%-ды құрап, күн соңына қарай шамамен 10 базистік тармаққа, яғни 4,45%-ға дейін көтерілді. Он жылдық британдық облигациялардың кірістілігінің он жылдық неміс облигацияларына қатысты сыйақысы 208 базистік тармақтан асып, 2022 жылғы қазаннан бергі ең жоғары деңгейге жетті.

«Нарықтағы оптимизм жоғалып, британдық қарыз бойынша тәуекелге жоғары сыйақы қосылды», – деп мәлімдеді Hargreaves Lansdown брокерлік компаниясының қаржы және нарық бөлімінің басшысы Сюзанна Стритер. Ол шығындардың артуы мен жалақының өсуі инфляцияның жоғарылауына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.

Жаңа бюджет пайыздық мөлшерлемелердің одан әрі төмендеуіне қатысты күмәнді күшейтті. Инвесторлар 2025 жылдың соңына дейін 0,85 пайыздық тармаққа төмендейді деп болжап отыр. Ал құжат қабылданғанға дейін төмендеу 1,2 пайыздық тармаққа жетеді деп күтілген болатын.

Кейбір инвесторлар облигация нарығының бюджетке теріс әсері ұзаққа созылмайды деп санайды.

«Бізге Англия банкінің облигациялары әлі де ұнайды. Уақыт өте келе нарық Англия банкінің мөлшерлемені төмендету циклы үшін соңғы ставканың төмендеуін бағалайды деп күтеміз», – деді PIMCO компаниясының экономисі Педер Бек-Фрийс.

Huawei Technologies компаниясы 9 айдағы табыстың 13,7%-ға кемігенін хабарлады

Қытайдың технологиялық алпауыты Huawei кірісінің өсуіне қарамастан, таза пайданың төмендегенін мәлімдеді, деп жазды Reuters. Қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында компанияның тоғыз айдағы таза табысы 13,7%-ға төмендеп, 62,9 млрд юаньды (8,83 млрд доллар) құрады. Түсім 452,3 млрд юаньнан 585,9 млрд юаньға дейін өсті. Huawei-дің негізгі тұтынушылық бизнесі, соның ішінде смартфондар, ДК және электр көліктеріне арналған компоненттер шығаратын бөлімшесі жақсы нәтижелер көрсетті.

IDC зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, үшінші тоқсанда Huawei смартфондарының Қытайдағы сатылымы 42%-ға өсті. Өткен жылы Huawei Mate 60 сериясымен 5G премиум смартфондар нарығына оралса, биыл жоғары өнімділікке ие P сериялы телефондарды шығарды. Оның соңғы Pura 70 моделі Apple-дің iPhone 16 шығарған күні ұсынылды.