Қазақстан үкіметі бекіткен 17 мега-жобаның атауы неліктен жарияланған жоқ
Қазақстан үкіметі 15 трлн теңге көлеміндегі инвестициямен 17 ірі жобаның тізімін бекіткенін мәлімдеді. Бірақ олардың нақты атауын жариялауға асығар емес. Kursiv Research бұрын жарияланған мәліметтерге сүйене отырып, осы сипаттамаға сәйкес келетін жобаларды табуға тырысты. Олардың бенефициарларын атап, «ескі» және «жаңа» Қазақстанның өнеркәсіптік саясатын салыстырды.
Құпия тізім
17 мега-жобадан тұратын тізімді (оны ТОП-17 деп атайық) құру – президенттің жолдауын орындау мақсатында үкімет қабылдаған шара. Бұл туралы биылғы жылдың тамыз айының соңында Қазақстан Премьер-министрінің ресми сайтында жарияланған хабарламада айтылған. Хабарламада «үкімет 15 трлн теңгеден астам инвестиция көлеміндегі 17 ірі жобаның тізімін бекіткен» деп көрсетілген еді.
Ресми дереккөзде жобалардың нақты атауы көрсетілмегенімен, кей жағдайларда жоспарланған өндіріс қуаты туралы мәлімет берілген. Өндірілетін өнімдер сипаттамасы бойынша жобалар металлургия, мұнай-газ химиясы, химия өндірісі, азық-түлік шикізатын өндіру, туризм және қонақ үй бизнесі салаларына шоғырланған.
«Бұл жобаларды іске асыру 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға, экспортты 6 трлн теңгеге ұлғайтуға және импортты алмастыруды 1,5 трлн теңгеден астам сомаға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар жоғары технологиялық өндірістер құруға, жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға және отандық өндірушілермен оффтейк-келісімшарттар жасауға ықпал етеді», – деп мәлімдеді Қазақстан үкіметі.
Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіндегілер Kursiv Research-ке бұл жобалар тізімін Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) құрастырғанын, ал Өнеркәсіп министрлігі тек бірнеше жобаны ұсынғанын айтты. ҰЭМ жобалар тізімін беруден бас тартып, «нарықтың даму басымдықтары мен экономикалық сектордың жағдайына байланысты бұл тізім қайта қаралуда» және «инвесторлармен өзара міндеттемелер бойынша мәселелер қарастырылуда» деп жауап берді.
Министрлік тізімді Үкіметтің қандай нормативтік құқықтық актімен бекіткені жөнінде нақты жауап бере алмады. ҰЭМ түсініктемесінде бұл министрліктің басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «жоғары өңдеу кластерлерін құруға бағытталған 17 ірі жобаны» таңдағаны айтылды.
«Бұл жерде ешқандай құпия жоқ»
Kursiv Research ресми хабарламадағы ақпаратты шенеуніктердің ашық алаңдарда айтқан мәлімдемелерімен, индустрияландыру картасы, мемлекеттік бағдарламалар, Қазақстан даму банкі (ҚДБ) жүзеге асырып жатқан және қарастырылып жатқан жобалар тізімі мен басқа да ашық дереккөздердегі мәліметтермен салыстырып, ТОП-17 сипаттамасына сәйкес келетін 17 жобаны анықтады. Олардың 10-ы туралы жария мәліметтер үкімет хабарламасындағы деректермен сәйкес келеді. Kursiv Research жасаған талдау нәтижелері бойынша, ағымдағы айырбас бағамын ескере отырып, ТОП-17 жобаның жалпы инвестиция көлемі 16,2 трлн теңгені құрайды.
Ең ірі жобалар мұнай-химия секторына тиесілі. Бұл – «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) компаниясының 2030 жылға дейінгі төрт мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы, жалпы құны 14,3 млрд доллар (немесе 7 трлн теңге). Үкіметтің сипаттамасына дәл келетін жоба – Шымкент МӨЗ-ін (ПҚОП) жаңғырту, бұл жоба мұнай өңдеу көлемін 6 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді.
ҚМГ-ның тағы екі ірі жобасы Атырауда интеграцияланған газ-химия кешенінің II фазасын және полиэтилентерефталат өндірісін құруға байланысты, олардың жалпы құны 7,7 млрд доллар деп бағаланған. Бұл жобаларда ұлттық компанияның серіктестері – ресейлік «Сибур» және қытайлық Sinopec компаниялары.
ТОП-17 құрамына Батыс Қазақстан облысындағы Сатымола кен орны негізінде калий тұздарын өндіруге арналған байыту-өндірістік кешені құрылысының жобасы кіруі мүмкін. Бұл үш кезеңнен тұратын және 2035 жылға дейін жоспарланған инвестициялық жобаның құны – 2,4 млрд доллар. Соңғы бенефициарлар – Нұрлан Артықбаев және сингапурлық QAZAQ POTASSIUM PTE. LTD.
Qarmet компаниясының болат өндіруді 2028 жылға қарай 5 млн тоннаға дейін арттыруға арналған Теміртаудағы жобасы 2,2 млрд долларға бағаланған. Қостанайда жылына 70 мың автокөлік шығаратын Kia зауытын салу да осы топқа кіреді, онда Лаврентьев құрылымымен қатар, «Киа Россия және ТМД» ЖШС және «Тобыл» ӘКК иеленуші ретінде қатысады. Ал екінші автожоба – Алматыдағы Нұрлан Смағұловтың мультибрендті автозауыты. Екі жоба да 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асырылуға тиіс.
Сондай-ақ бұл тізімге Бахаридин Аблазимовтың 1 млрд доллар тұратын KazAzot Prime аммиак пен карбамид өндіру зауытының құрылысы кіруі ықтимал. 2026 жылға дейін іске қосылуы жоспарланған бұл өндіріс Маңғыстаудағы «ҚазАзот» тыңайтқыш өндірушісінің экспорттық әлеуетін кеңейтеді.
Металлургия саласындағы басымдық берілген жобалардың бірі – Өнеркәсіп министрлігінің басшысы Қанат Шарлапаев бұрын атаған арнайы мақсаттағы төмен легирленген болаттарды өндіру зауыты. Жоба Қарағандыдағы арнайы экономикалық аймақта іске асырылып жатыр және құны 221 млрд теңгені құрайды. Бұл жобаның бенефициары – Сергей Павлингер, жоба ҚДБ қарауында.
ТОП-17 ішінде туризм саласындағы жобалар да бар. ҰЭМ бұл жобалардың ерекшеліктерін ашып айтпаса да, Қазақстанның 2023-2029 жылдарға арналған туризм саласын дамыту тұжырымдамасында үш ірі инвестициялық жоба аталған: Астанадағы қонақүй кешені мен туристік аймақты құру, бұл жобаны (сәл ертеректе 1 трлн теңгеге бағаланған) Ellington Group KAZ Ltd. жүзеге асырады, бенефициарлар – ҚР Үкіметі (Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік комитеті атынан) және сингапурлық Star Of Ellington Projects PTE. Ltd. Сондай-ақ Ақтаудағы Феттах Таминдже қонақүй-туристік жобасының кезекті фазасы және Түркістан облысындағы Ойрат Мамыров пен «Түркістан» ӘКК-нің «Қасқасу» туркластері бар, соңғы екі жобаға ҚДБ-дан қаржыландыру тарту жоспарланған.
Егер Kursiv Research анықтаған тізім шынайы тізімнен өзгеше болса, біз ҰЭМ-ді оған түзетулер енгізуге шақырамыз.
Ескі жобалар елесі
Қазақстан билігі басымдыққа ие мега-жобаларды қалыптастыру тәжірибесіне бірінші рет жүгініп отырған жоқ. 2007 жылдың қарашасында Қазақстан үкіметі «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасын қабылдады. Оның мақсаты «елдің шикізаттық емес секторындағы экономиканың экспорттық әлеуетін дамыту және әртараптандыруға бағытталған жаңа өндірістер құру мен барларын жаңғыртуда бизнес пен мемлекеттің күшін біріктіру» деп жарияланған еді. Шын мәнінде, бұл бағдарлама қатысушыларға даму институттарынан, әсіресе ҚДБ-дан, қаржыландыру алу барысында басымдыққа ие болуды қамтамасыз етті.
2015 жылы басым жобаларға көңіл аударудың жаңа талпынысы жасалды. Сол кезде Қуаныш Бишімбаев басқаратын «Бәйтерек» ұлттық чемпиондар бағдарламасына қатысу үшін 28 компанияны іріктеп алды. Олардың 170 млрд теңгелік жобалары «Бәйтерек» холдингіне біріктірілген даму институттары, оның ішінде ҚДБ арқылы қаржыландырылуға тиіс болды. Бұл саясаттың соңы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚДБ жұмысына деген сыни көзқарасымен аяқталды. Ол қаңтар оқиғасынан кейін даму институты таңдаулыларға арналған жеке банкке айналып кетті деп мәлімдеді.
17 мега-жобаның тізімін жасау сол бағыттағы қадамға ұқсайды және ол жоғары ықтималдықпен сол нәтижелерге әкелуі мүмкін. Бәлкім, осыған байланысты шенеуніктер шешім қабылдау процесі мен бенефициарлар тізімін жариялауға құлықсыздық танытып отырған шығар.
Мемлекеттік саясаттың чемпиондарға бағытталуы сөзсіз үкіметтің белгілі бір кәсіпкерлерге қолдау көрсету айыбын тағуға алып келеді. Бұл тәсілге балама – шикізаттық емес секторларды дамыту бағдарламасы аясында өнеркәсіптік саясат шараларын жүйелеу. Мұндай талпыныс 2009 жылы жасалып, «30 корпоративтік көшбасшы» орнына индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама елдің орталығынан аймақтарына дейін созылған, шикізаттық емес секторларға инвестицияларды қолдау жүйесін құруға мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, бүгінде индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасынан тек индустрияландыру картасы ғана қалды.