«Самұрық-Қазына» қоры Қайрат Боранбаевтан тәркіленген «АзияГаз Чунджа» компаниясын иелігінен шығарды
«Самұрық-Қазына» қоры Қайрат Боранбаевтан тәркіленген «АзияГаз Чунджа» компаниясының 100 пайыз акциясын иелігінен шығарды. Қазақстан қор биржасындағы дерекке сәйкес, қор компанияны иелігінен 11 қазанда шығарған. Ал бұл өзгеріс туралы хабарлама қор биржасының сайтына 2024 жылдың 1 қарашасында орналастырылған.
Нәтижесінде қазір «Самұрық-Қазына» қоры 25 компаниядағы үлеске иелік етеді.
Бір қызығы, 31 қазанда «Самұрық-Қазына» биржаға басқа хабарлама орналастырып, «АзияГаз Чунджа» компаниясын 30 қыркүйектен бастап иеленетінін жазған. Яғни, қор Боранбаевтан тәркіленген компанияны иелігінде 11 күн ғана ұстаған.
Ал оған дейін компания Қаржы министрлігінің меншігінде болған. 13 қыркүйекте «Самұрық-Қазына» қоры компанияның 100 пайыз үлесін Қаржы министрлігінен 9,3 млрд теңгеге алатынын хабарланды. Ол үшін биржаға 100 қарапайым акциясын орналастырды. Қаржы министрлігінен сатып алынған соң, «АзияГаз Чунджа» компаниясы қордың еншілесі – «QazaqGaz» ұлттық компаниясының» иелігіне берілетіні айтылды.
2023 жылдың қыркүйегінде Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қайрат Боранбаевты 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оған «ҚазТрансГазға» (қазіргі QazaqGaz) тиесілі 14,5 млрд теңгені жымқырды және жылыстаты деген айып тағылған. Сол кезде сот шешімімен дүние-мүлкі де тәркіленген. Тәркіленген дүние-мүлік арасында аталмыш газ компаниясы да бар. Оның құны 14 млрд теңгеге бағаланды.