Solidcore Resources Алматы әкімі Ерболат Досаевтың әйеліне қатысы бар компаниядан Сырымбет кен орынының 55 пайыз үлесін сатып алмақ
Solidcore Resources plc компаниясы Солтүстік Қазақстан облысындағы әлі игерілмеген Сырымбет кен орнының 55% үлесін сатып алады. Бұл кен орны Lancaster Group холдингінің еншілес кәсіпорны – Berkut Mining ЖШС-ға тиесілі. Ал Lancaster Group компаниясына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қатысы бар.
Келісім сомасы – 82,5 млн доллар. Оны Solidcore компаниясы өз қаржысы есебінен қаржыландырады. Мәміле реттеуші орган рұқсатын алған соң, 2024 жылдың IV тоқсанында жабылады деп жоспарланған.
«Сырымбет кен орны – қалайы қоры мол кен орны, бұл біздің жасыл экономикаға бағытталған портфелімізді кеңейту мен әртараптандыру стратегиямызға сай келеді», – деді компанияның бас директоры Виталий Несис.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында орналасқан Сырымбет кен орны 10 шаршы шақырымнан аса аумақты алып жатыр.
2024 жылы Solidcore геологиялық барлау мәліметтерін растау мен металлургиялық зерттеу жүргізу мақсатында 3 км бұрғылау жұмыстарын аяқтаған. Ашық әдіспен игерілетін бұл кен орнында компания өндірісті жедел іске қосу, шығын оңтайландыру және қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында кенді өңдеу әдісін жетілдірмек.
Сырымбет кен орнында электроника, литий-ионды аккумуляторлар және күн панельдеріне арналған фотоэлементтер өндірісінде пайдаланылатын элементтердің мол қоры бар.
Кен орны 1985 жылы ашылып, 1986-2012 жылдар аралығында қосымша барлау жұмыстары жүргізілген. 2015 жылы JORC (2012) кодексіне сай бағаланған ресурс көлемі анықталған. JORC стандарты бойынша, кен орнында 492,4 мың тонна қалайы (0,40%) және 91,4 мың тонна мыс (0,07%) қоры бар, бұл шамамен 5,9 млн унция алтын эквивалентіне тең.
Solidcore Сырымбет кен орының үлесін сатып алуға ниетті екені жыл басында белгілі болған. Berkut Mining компаниясына Lancaster Mining-иелік етеді. Қаржы есебі депозитарийінде жарияланған соңғы есепке сәйкес, Lancaster Mining компаниясы Сингапурда тіркелген Lancaster Holding холдингіне тиесілі. Ал Lancaster Holding акционерлері қатарында Берік Қаниев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев (оның акциялары сенімгерлік басқару арқылы Г. Досаеваға сеніп тапсырылған), Юрий Пак, сондай-ақ Гаухар және Нұрлан Қаппаровтар (Нұрлан Қаппаровтың үлесі Каппарова Г.С.-ның сенімгерлік басқаруында) бар.