Роспатент онлайн-сауда компаниясы Wildberries сауда белгісінің құқығын ресми түрде «РВБ» компаниясына берді. Бұл – Wildberries пен Russ тобы біріккеннен кейін пайда болған компания. Бұл туралы ТАСС біріккен компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«Федералды зияткерлік меншік қызметі Wildberries және Russ бірлескен компаниясының ( «РВБ» ) пайдасына Wildberries сауда белгісін берді. Тиісті құжаттар компанияға жіберілген», – делінген хабарламада.
Яғни Wildberries сауда белгісі, маркетплейс логотипі, суббрендтер, соның ішінде «Ягодки» сауда белгісі, компанияның меншігіндегі ақпараттық жүйелердің барлығы жаңа бірлескен компанияға жіберіледі. Бас-аяғы 28 зияткерлік меншік берілген.
Маусым айының ортасында Wildberries маркетплейсі мен RUSS компаниялар тобы өзара бірлесу процесін бастап, шілде айында бірлескен «РВБ» компаниясын құрған. Роспатентке зияткерлік меншікті беру туралы өтініш сол айда жолданған.
17 қазанда Алматыда өткен BeWoman Орталық Азия әйелдері бизнес форумындағы компанияның негізін қалаушы Татьяна Ким (Татьяна Бакальчук – авт.) Russ компаниялар тобымен біріккеннен кейін, маркетплейс табысы қарқынды өскенін айтқан. Ол бірлескен «РВБ» компаниясының капитализациясы артып келе жатқанын атап өтіп, дегенмен келер жылы қарқынның сәл басылуы мүмкін екенін ескере кеткен.