2024 жылдың қазан айындағы Қазақстан биржаларындағы ең өтімді акциялар тізімі жарияланды. АХҚО биржасындағы алғашқы шетелдік эмитент атанған Solidcore Resources (бұрынғы Polymetal) бірінші орынға шықты. Ал «Қазақтелеком» Kaspi-ді ығыстырып екінші орынға орнықты. Үшінші орында – Kaspi.kz.
Solidcore Resources-тің AIX-тегі сатылым көлемі, сонымен қатар жалпы Қазақстандық сауда көлемі – 7, 693 млн теңгені құраған. «Қазақтелеком» акцияларының KASE-дегі және Қазақстандық сауда көлемі – 3, 150 млн теңге. Kaspi.kz-тің AIX-тегі сауда көлемі – 391 млн теңге, KASE-де 1,829 млн теңге, жалпы қазақстандық көлем – 2,220 млн теңгені құраған. Жуырда ғана Freedom Broker сарапшылары финтех компания акцияларын сатып алуды ұсынған еді.
Үздік үштіктен кейінгі орындарға Kcell, Kegoс, Halyk bank, Kazatomprom, Air Astana, KazMunaiGaz, KaztransOil, BankCenterCredit, Globaltrans орналасқан.
Қазанның қорытындысы бойынша Kcell-дің акциялары 1,916 млн теңгеге саудаланған. Ал Kegoс акциялары – 1,508 млн теңгеге, Halyk bank – 1,429 млн теңгеге, Kazatomprom акцияларының сауда көлемі – 1,396 млн теңгені құрады. Air Astana акциялары бойынша сауда көлемі – 1,003 млн теңге, KazMunaiGaz – 875 млн, KaztransOil – 610 млн, BankCenterCredit – 171, Globaltrans – 35 млн теңгеге саудаланған. Айта кетейік, Globaltrans 22 қазанда құнды қағаздары AIX биржасында ресми сатылатын компаниялар тізіміне қосылды. Қазақстандық биржалардағы қазан айындағы жалпы сауда көлемі 22,007 млн теңгені құрады.
Айта кетейік, қыркүйек айында акциялары ең өтімді компаниялар үштігін тағы да Solidcore Resources бастаған. Одан кейінгі екінші, үшінші орынды Kaspi.kz пен Air Astana түйіндеген еді.
Соңғы екі ай бойы акциялары өтімді Solidcore Resources plc (бұрынғы Polymetal) компаниясы қазанның басында Мәскеу биржасындағы акцияларын AIX-те орналастырылған бағалы қағаздарына толық алмастырды.