Қытай үкіметтік қарызды қадағалауды күшейтпек. Сондықтан заңын қайта қарауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ел экономикасына қомақты қаржы құймақ.
Мұның бәрі 4-8 қараша аралығында Қытайдың жоғарғы заң шығарушы органы – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының сессиясында талқыланады.
Депутаттар экономикаға 12 трлн юань құюды мақұлдайды деп жоспарланған:
- 6 трлн юань жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қарыз ауыртпалығын жеңілдетуге бағытталмақ;
- құрылыс компаниялары пайдаланбай жатқан жерлер мен сатылмаған тұрғын үйлерді сатып алу үшін 4 трлн юань (бес жылға) бөлінуі мүмкін;
- тұтыну тауарлары саудасын қолдауға 1 трлн юань жұмсалмақ.
Сонымен қатар Қытайдағы ірі мемлекеттік банктерді қайта капиталдандыруға 1 трлн юань бөлінеді.
Еске сала кетсек, Қытайдың ұлттық статистика бюросы екінші тоқсанда елдің өндірістік белсенділігі екі ай қатарынан бәсеңдеп жатқанын хабарлаған. Маусым айында өңдеу өнеркәсібіндегі сатып алу менеджерлерінің индексі 49,5 болды. Индекстің мамыр айындағы көрсеткіші де дәл сондай болған еді.