ForteBank-тің басқарма басшысы қызметіне қаржыгер Талғат Қуанышев келді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Осы уақытқа дейін ол ForteBank-тің директорлар кеңесі құрамында болды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бекжан Пірматов ForteBank-тің басқарма басшысы қызметінен кетті. Оның орнына әр жылдары түрлі қаржы ұйымдарын басқарған Талғат Қуанышев келді.

Банк таратқан ақпаратта Пірматов Болат Өтемұратовтың негізгі активтеріне, соның ішінде ForteBank-ке иелік ететін «Верный Капитал» инвестициялық компаниясының құрылымында жұмысқа ауысатыны жазылған.

Талғат Қуанышев бұған дейін түрлі қазақстандық қаржы институттарында басшылық қызметтерді атқарған. Оның ішінде Kassa Nova Bank (қазіргі Freedom Bank), АТФ Банк (Jusan Bank құрамына кіреді) және ATF Leasing бар. 2015-2016 жылдар аралығында Қуанышев ForteBank-тің басқарма басшысы болды. Ал осы уақытқа дейін банктің директорлар кеңесі құрамында болды.

ForteBank активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы банктер арасында бесінші орында. 1 қазандағы жағдай бойынша көрсеткіш 4,1 трлн теңгеге тең. Банктің үш айдағы пайдасы 113,3 млрд теңгені құрады. Оның акцияларының 89,01%-ы Болат Өтемұратовқа тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз