Қазақстанда заманауи көшпенділерге арналған жаңа Neo Nomad визасы енгізілді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қазақстанда заманауи көшпенділерге арналған жаңа Neo Nomad визасы енгізілді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда заманауи көшпенділерге арналған жаңа Neo Nomad визасы енгізілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, бұл виза заманауи көшпенділерге – саяхаттап, қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристер үшін арналған.

Neo Nomad визасын алу үшін шетелдік азамат Қазақстаннан тыс жерде тұрақты кірісінің бар екенін дәлелдеуі керек, оның мөлшері айына кемінде 3 000 АҚШ долларын құрауы қажет. Сонымен қатар негізгі кіріс талаптарынан басқа, шетелдік өтініш берушіге медициналық сақтандыру және соттылығының жоқтығы туралы анықтама талап етіледі.

«Туризм және спорт, Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктері және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан заманауи көшпенділердің саяхат картасына енді. Олардың әлемдегі саны 35 миллионнан асады, біз оларды елімізге тарту үшін барлық жағдайды жасауды көздеп отырмыз. Әсіресе Алматы мен Астана қалалары нео-көшпенділер үшін тартымды 150 қаланың қатарына кіреді», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Виза қашықтан жұмыс істейтін туристерге, яғни бағдарламалау, маркетинг, қаржы, консалтинг, дизайн және электронды коммерция сияқты түрлі салаларда қызмет ететін шетелдік азаматтарға арналған.

Виза иелерінің бір жылға дейін Қазақстанда тұруға мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде олар шетелдік компанияларда жұмыс істей алады. Виза енгізіліп, оны жылына 500 адам алатын болса, экономикалық әсер шамамен 3,6 млрд теңге болуы мүмкін. Neo Nomad визасын пайдаланатын шетелдік азаматтар Қазақстанда тұрып, қаражатын осында жұмсайды, бірақ отандық еңбек нарығына әсер етпейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына екі апта ішінде 600 мыңға жуық турист келген еді. Сондай-ақ Қазақстанға ең көп саяхаттағысы келетін ТОП-10 ел белгілі еді. Олардың ішінде Қазақстанға ең көп қызығушылық танытқан елдер қатарында Үндістан, Германия, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Корея бар.

Сондай-ақ оқыңыз