Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакинаға Уимблдон-2001 чемпионы, хорватиялық Горан Иванишевич жаңа бапкер болып тағайындалды. Бұл туралы Tennis majors басылымы хабарлады.
Иванишевич бұған дейін 24 мәрте «Үлкен дулыға» турнирлерінің жеңімпазы, сербиялық теннисші Новак Джоковичпен бес жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеген.
Елена Рыбакина 2024 жылғы АҚШ ашық чемпионатынан кейін кортқа шыққан жоқ. Бұл турнирдің екінші айналымында жарақатына байланысты жарысты тоқтатуға мәжбүр болған еді. Бұған дейін, Рыбакина өзінің бұрынғы бапкері Стефано Вуковпен жұмысын тоқтатқанын мәлімдеп, WTA маусымдық финалының алдында бапкерсіз қалған болатын.
Еске сала кетейік, Елена Рыбакина WTA финалдық турнирінің күлгін тобына түсті. Бұл топқа әлемнің бірінші ракеткасы, беларусь теннисшісі Арина Соболенко, рейтингте төртінші орында тұрған италиялық Жасмин Паолини және 2024 жылғы Олимпиада чемпионы, қытайлық Чжэн Циньвэнь де кіреді.
Ертең, 2 қараша күні Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында сағат 21:30 да Рыбакина италиялық теннисші Жасмин Паолинимен кездеседі.