Испанияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті
Испанияда болған су тасқыны салдарынан 158 адам қаза тапты. Бұл оқиға 1973 жылдан бері ең алапат тасқындардың бірі болды. Су тасқыны елдің кейбір аймақтарына жауған нөсер жаңбырдан туындаған. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.
«Қазіргі таңда ең маңыздысы — мүмкіндігінше көп адамның өмірін құтқару», — деп мәлімдеді Испания премьер-министрі Педро Санчес.
Қаза болғандардың көбісі Валенсия автономдық қауымдастығында тіркелді, мұнда 155 адам қайтыс болды. Сонымен қатар Кастилия-Ла-Манча аймағында екі адам, ал Андалусияда бір адам су тасқынынан мерт болды. Валенсияның оңтүстік-батысында орналасқан Пайпорта муниципалитетінде өзен арнасынан асып, кем дегенде 40 адамның өлімі тіркелді.
Ресми өкілдер жоғалған адамдардың нақты санын ашып айтпағанымен, олардың санының айтарлықтай көп екенін хабарлады. Испанияға бір күнде жауған жауын-шашынның мөлшері бір жылдық нормаға жетті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Испания Королі VI Фелипеге табиғи апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтқан еді.
Осындай ауыр сәтте Сізге, жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және өзімнің атымнан көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.
Бұған дейін, ҚР Сыртқы істер министрлігі Испанияда қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді.