Жаңалықтар

Құзырлы мекемелер біріне-бірі сілтейді: цифрлық құжаттардағы қатеге кім кінәлі?

Фото: shutterstock

Қазақстандықтар цифрлық құжаттардағы мәліметтердің қате екеніне жиі шағымданады. Солардың бірі жоғары оқу орнын аяқтау туралы дипломға қатысты цифрлық базалардағы мәліметтер.

Диплом «дауы»

KursivМedia тілшісі egov.mobile қосымшасында өзінің жоғары білім туралы дипломындағы мәліметтер, нақтырақ айтқанда, мамандығы қате көрсетілгенін айтып, әлеуметтік желіге жазба жариялаған еді. Сол жазбаға пікір білдірген өзге де әлеуметтік желі қолданушылары мұндай қате жиі кездесетінін хабарлады.

«Менің 4 жыл бойы табан тоздырып оқыған оқуымды сырттай деп шешім шығара салыпты. Сырттап қалдым солай»

«Бакалавр сияқты едім. «Магистр»екенім енді есіме түсті.»

«Сол бәріміздікін қатырып жатыр. Мендегі үш мамандықты мүлде 6 түрлі қылды, тірідей анекдот болды. Мен ұялам, шыны керек, мынадай тірліктен», – деп жазды желі қолданушылары.

KursivМedia бұл мәселені нақтылау мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүгінді.

Министрлік не дейді?

Министрліктің баспасөз қызметі мұндай мәселелермен Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығы айналысатынын айтып, сауалды осы мекемеге бағыттады.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз хатшысы, мұндай жағдайдан хабардар екендігін айтты. Дегенмен елдегі цифрлық құжаттарға жауапты мекеменің өзі де дипломдардағы мәліметтің дұрыс-бұрыстығына тікелей жауап бере алмайды екен. Өйткені бұл мекеме деректерді Ғылым және жоғары білім мен Оқу-ағарту министрліктерінің базасынан алады.

Ал аталған министрліктерге деректерді жоғары оқу орындары мен колледждер жолдайды.

Осыдан кейін, сауалды Ғылым және жоғары білім және Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшыларына жолдадық. Алайда Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысынан мақала жарияланғанға дейін хабар ала алмадық. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі министрліктің цифрландыру департаментіне бағыттады.

Цифрландырудың «әлегі» ме ?

Цифрландыру департаментінің мамандары дипломдардың цифрлық нұсқасындағы деректерде қате кетіп жатқанын растады.

Оған бірнеше себеп бар екен. Біріншісі, қыркүйек айынан бастап, елімізде «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» іске қосылған.

Оқу-ағарту министрлігінде бұл – Ұлттық білім беру деректер базасы деп аталады. Бұрын министрлік екіге бөлінбей тұрғанда деректер базасы да ортақ болған. Енді енші алған екі мекемеде жеке-жеке деректер базасы бар. Соның кесірі ме әлде басқа да бір себебі бар ма кейбір құжаттардағы мәліметтердің сәйкес келмеуі кездеседі екен. Жоғары білім министрлігінің цифрландыру департаментінің маманы мұны мойындап отыр.

Тағы бір себеп: жоғары оқу орындарында соңғы жылдары мамандықтардың классификаторы өзгерген. Сонымен қатар ЖОО-ның базасында құжаттарды цифрландыру кезінде деректер бұрмалануы мүмкін екені айтылды.

Цифрландыру кезінде деректердің бұрмаланбауына кім жауапты деген сауалға департамент мамандары «тікелей ЖОО басшылары жауапты» екенін айтты.

Дегенмен цифрлық құжаттарда деректер бұрмаланған жағдайда оны түзетуге болады.

Ол үшін Жоғары білім министрлігіне e-Өтініш арқылы сауал жолдауға болады.