Саран қаласының жылыту маусымына дайындығын бақыламаған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс алды. Бұл жайлы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді»,- деп жазды Уәли өзінің әлеуметтік парақшасында.
Айта кетейік, мұның алдында облыс әкімі премьер-министр Олжас Бектеновтен де ескерту алған болатын. 15 қазан күні өткен үкімет сағатында Бектенов халықтың жылусыз қалуына Саран қаласы әкімі жауапты екенін айтты. Сонымен бірге премьер-министр облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылау жүргізілмегені себепті осындай жағдайға жол берілгенін мәлімдеді.
Бұдан соң, Ермағанбет Бөлекбаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықовқа қатаң сөгіс жариялады. Әкіммен қоса Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаевқа сөгіс жарияланды.