Ауаға кеткен 2,6 млн еуро. Прокуратура Семей әкімдігіне қатысты тергеу басталғанын хабарлады
Семей әкімдігі қоқыс өңдеу зауытын уақтылы салмағаны себепті, құны 2,6 млн еуро болатын қоқыс өңдейтін жабдық пайдалануға жарамай қалған. Бұл жайлы Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында Бас прокурордың көмекшісі Асхат Ауқатов айтты.
Прокуратура өкілінің айтуынша, қоқыс өңдейтін құрылғы зауыт салынбай тұрып, 2020 жылы сатып алынған. Бірақ та 4 жылдан бері Семей әкімдігі қоқыс өңдеу зауытын салмаған. Ал қымбатқа сатып алынған құрал-жабдықтар қолданысқа берілмеген күйі іске жарамсыз болып қалған.
«2020 жылы Семейде «ӨКМ операторы» 2,6 миллион еуроға қалдықтарды өңдейтін жабдық сатып алған болатын. Бірақ әкімдік өз тарапынан зауыт құрылысын әлі қамтамасыз етпегендіктен, жабдық ашық аспан астында тұрып тозып кеткен. Қазіргі уақытта кепілдік мерзімі өтіп кетті. Шамамен 1 млн еуро тұратын құрал-жабдықтар жарамсыз боп қалды»,- деді Ауқатов.
Прокуратура бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Бас прокурор көмекшісі қазіргі уақытта қоқыс өңдеу мәселесін шешу міндеті Экология министрлігі мен «Жасыл Даму» операторына жүктелгенін, қоқыс өңдеу жобаларын осы оператор қаржыландыратынын айтты. Елде қоқыс өңдеу кәсіпорындарын салу үшін және қоқыс өңдеу көлемін арттыру мақсатында алдағы жылдарға бірнеше жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға Экология министрлігі шамамен 235 миллиард теңге бөлмек.
Ауқатов бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде Семейдегідей жағдайдың қайталануына жол бермеу маңызды екенін ескертті.