Жаңалықтар

Қазақстанда электровоз шығаратын Alstom компаниясы зауытқа қосымша 50 млн еуро инвестиция құяды

Екі компания өндірістік қуатын арттыру үшін зауыттарға қосымша инвестиция құймақшы / Фото: kursiv.media

Қазақстанда теміржол локомативтерін және электровоздар шығаратын екі шетелдік компания өндірістік қуатын арттыру үшін қосымша инвестиция құюды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, франциялық Alstom және америкалық Wabtec компаниялары 50 млн еуро және 200 млн доллар көлемінде қосымша инвестиция тартпақшы. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Олжас Бектенов америкалық және франциялық Alstom және Wabtec компанияларының басшыларымен Қазақстанда теміржол машинасын жасауды одан әрі локализациялау жоспарларын талқылады»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Alstom компаниясы Қазақстандағы теміржол индустриясының негізгі инвесторы саналады. Компания басшысы Эндрю Делеони компанияның 450-ден астам жаңа жұмыс орындарын аша отырып, электровозға техникалық қызмет көрсететін төрт орталықтың құрылысы басталғанын мәлімдеді. Бұл жобаның жалпы сомасы 50 млн еуроға бағаланады.

Ал Wabtec компаниясы болса, 2027 жылдан бастап келесі 10 жыл ішінде баламалы отын түрлерін қолдана отырып, жаңа өнімдерді дамытуға шамамен 200 млн доллар инвестиция салуға ниетті. Бұл жайлы Wabtec басшысы Рафаэль Санта мәлімдеген.

Компанияға тиесілі «Локомотив құрастыру зауытында» Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Моңғолия және басқа да елдерге экспортталатын жүк локомативтері, жолаушылар және маневрлік локомотивтер шығарылады.

Зауытта 800-ден астам жұмыс орны ашылған. Олар АҚШ-та өндіріске қатысты біліктілігін арттырып, арнайы оқытылады. Сонымен бірге компания жасыл өндіріске ауысу үшін Астанада жаңа инженерлік орталық ашуды жоспарлап отыр. Онда баламалы энергия көздерінде «жасыл» локомотивтер өндіру жұмысы қолға алынады.

«Біз өндірісті локализациялауға бағытталған бизнес бастамаларын жоғары бағалаймыз және осындай компанияларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстанға локомотивтерді өндіру және жаңғырту хабына айналуға және жеткізушілердің жаһандық тізбегіне енуге мүмкіндік береді»,- деді кездесу барысын Олжас Бектенов.