Жаңалықтар

Экология министрі: «Су сынамасын әбден зерттеп алмай, итбалықтардың өліміне не себеп болғанын айту әлі ерте»

итбалықтың өлексесі
Каспий жағалауында 289 итбалықтың өлексесі табылды / Фото: Instagram, Азамат Сәрсенбаев, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Каспий жағалауында итбалықтардың неден өлгенін әлі нақты айту мүмкін емес деп санайды. Қазан айының аяғында 290-ға жуық итбалық  қырылып қалды. Кейбір мамандар адам қолымен құрған тордың кесірінен өліп жатыр деген болжамын  айтқан.

Бүгінге дейін итбалықтар судан шығып қалған тұстан сынамалар мен басқа да материалдар алынды. Лабораторя талдауының қорытындысын күту керек. Сондықтан итбалықтардың неден өлгенін айту әлі ерте, – деді Нысанбаев

Журналистер министрге ҰҚК броконьерлер итбалықтарды тормен аулайтыны туралы жиі ақпарат беретінін, осыған байланысты не айтатынын сұрады. Ерлан Нысанбаев бұл мәселемен басқа ведомстволар айналысатынын айтты. «Біз судың ластануы, басқа да экологиялық сауалдарға ғана жауап береміз», – деп жауабын қысқа қайырды министр.

Бұған дейін министрдің орынбасары Әлиев те жағдайдың себеп-салдарын тап басып айта алмайтынын мәлімдеген еді. Дегенмен теңізде құрылған аулардың итбалық өліміне себепші болуы мүмкін екенін жасырмады.

Маңғыстау облысында комиссия құрылып, итбалық өлексесін зерттеуге, олардың жаппай қырылуына себеп болған факторды анықтауға кірісті.