Қытай өңдеу саласында шетелдік инвесторлар үшін барлық шектеуді алып тастады. Мұны көптеген елде жоқ тәжірибе деуге келеді.
1 қазанда жабық секторлар тізімі жаңартылды. Бейжің мұндай секторлар санын 29-ға дейін қысқартты.
Биліктің бұл шешімі маңызды жаңалық болып отыр. Дамыған елдердің көбі өңдеу өнеркәсібіне басқа мемлекеттен инвесторларды тартуды құптамайды. Осылайша Қытай өндіріс саласында ашықтық қағидаты бойынша көш басында тұр.
Кейінгі жылдары осы елдегі жоғары технологиялы өндіріске сырттан инвестиция тарту көрсеткіші айтарлықтай өскен. Шетел инвесторлары көмегімен медицина жабдықтарын шығару, аспаптар құрылысы, компьютерлер мен кеңсе техникаларын жасау үлесі 58% өсті.
2010 жылы Қытайдың өңдеу өнеркәсібіндегі қосылған құн көлемі алғаш рет Америка Құрама Штаттарынан асып түсті. 2023 жылы ол әлемдік жалпы өнімнің шамамен 30%-ын құрады. Бұл өсім алып елдің 14 жыл қатарынан әлемдегі ең ірі өндіруші болып қалуына мүмкіндік берді.