ҰҚК: экстремизмге балалар тартылып жатыр

Жарияланды
ҰҚК террорлық әрекеттің
Биыл экстремизм бойынша 68 адамға үкім кесілсе, оның бесеуі балиғат жасына толмаған балалар болып шықты/фото: kursiv.media мұрағаты

Ұлттық қауіпсіздік комитеті діни экстремизмге балалар мен жасөспірімдердің тартылып жатқанына қатты алаңдаушылық білдіріп отыр. Комитет қоғамға ой салу үшін «Арбау» атты арнайы репортажын жария етті.

Ондағы мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы деструктивті әрекет үшін 43 адам сотталса, соның екеуі – кәмелет жасына толмаған жеткіншектер.

Биыл экстремизм бойынша 68 адамға үкім кесілсе, оның бесеуі балиғат жасына толмаған балалар болып шықты.  

«Жасөспірімдердің радикалды жолды ұстануы – жеке адамдардың тағдырына әсер етіп қана қоймай, қоғам дертіне айналуы да мүмкін күрделі мәселе», – дейді ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Майгүл Айнабекова.

Бейнежазбада экстремистік бейнежазбаларды таратқаны үшін жазаға тартылып отырған 16 жасар баланың әңгімесі көрсетіледі. Онда  ол бұл жолға қалай түскенін айтып берді. Оған интернеттегі ДАИШ-тың адамдарды бауыздап жатқандары туралы бейнероликтер әсер еткен. Ол жиҺадқа шығуға бел буған. Интернеттен осы ұйымның деректерін іздеген.

«Менде жиһадқа шығу, адамдарды өлтіру туралы ой болды. Өз-өзімді жарып жібергім келді», – дейді экстремистердің арбауына түскен бозбала.

Сотталушы бұл видеоларды алғашқы мәрте анасына көрсетіпті. Шешесі «интернеттен мұндайдың талайын көрдік» деп аса мән бермеген. Баласы эктремистік идеялардың соңынан еріп кетеді деп ойламаған.

Бозбала арабша киім киіп, әлеуметтік желілерге экстремистік бейнежазбаларды жүктеп, жиһадқа шақырып жүрген. ДАИШ өкілдерімен интернет арқылы танысып, экстремистік әдебиеттер туралы мағлұмат алған. Жасөспірім чатта топ құрып,  солардың идеясын таратуға әрекеттенген.

ДАИШ – Қазақстанда және бірқатар елдерде терроршы ұйым ретінде танылған.

Сондай-ақ оқыңыз