Зейнетке ерте шығуға рұқсат берілуі мүмкін. Алайда ол белгілі бір санаттағы азаматтарға ғана арналады. Журналистермен өткен кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнетке кімдер ерте шыға алатынын түсіндіріп берді.
Министрдің сөзінше, қоғамда зейнетке ерте шығу мәселесіне қатысты бірнеше сұрақ талқыланып жатыр.
«Зейнет жасын күтпей ерте шығу мәселесі өте маңызды. Көпбалалы аналар, мүгедектігі бар балаларды асырап отырған ата-аналар да зейнетке ерте шығу мәселесін көтеріп отыр. Сондай-ақ зиянды жағдайда жұмыс істеп жүрген азаматтар 50-55 жастан бастап зейнетке шығуды министрлік алдына қойып отыр. Бұл халықаралық деңгейде шешімін тапқан сұрақтар. Егер зейнет жасына келіп, жұмысынан шықпай, әрі қарай жұмысын жалғастырса, оның зейнетақысын төлемей бюджетте қалдырып, зейнетке ерте шыққысы келетін азаматтарға соны төлеу қарастырылып жатыр», – дейді Жақыпова.
Министрдің айтуынша, азаматтардың кем дегенде 25 жыл еңбек өтілі болуы керек. Яғни осы уақыт бойы зейнет жарналарының тұрақты аударымы болуы тиіс.
«Мысалы, 20 жастан бастап еңбекке кіріссе және оның жарналары уақтылы аударылып отырса, 25 жыл еңбек өтілі болса, онда ол зейнетке 45 жасында шыға алады. Бірақ оның зейнетақысы бүгінгі күнмен мысал келтірсек 100 мың теңге болуы мүмкін. Ал сіз зейнет жасына келіп, сосын барып шықсаңыз зейнетақыңыз 200 мың болатын шығар. Біз қазір әр санатқа есептеуді жүргіздік. Қазақстан 1998 жылдан бастап зейнетақы төлеу жүйесіне көшті. Сондықтан 25 жыл бойы төлемдер түсуі керек. Сонда олар ерте шыға алады»,- дейді Жақыпова журналистермен еркін форматта өткен баспасөз жиынында.
Айта кетейік, осыған дейін қаржы сарапшылары зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға тыйым салуды ұсынған болатын. Өйткені Қазақстандағы қазіргі зейнетақы жүйесі тұрақты еместігін айтады.
Сондай-ақ биыл мамыр айында БЖЗҚ қордан төленетін ең жоғарғы зейнетақы мөлшерін жария етті. Биыл зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша төленетін орташа айлық зейнетақы 33 858 теңге болып бекітілген. Ал БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 945 752 теңгені құрады.