Hyundai Solar Батыс Қазақстан облысына 81 млрд теңге инвестиция құяды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Hyundai Solar Батыс Қазақстан облысына 81 млрд теңге инвестиция құяды
Hyundai Solar Батыс Қазақстан облысына 81 млрд теңге инвестиция құяды / shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Оңтүстік кореялық Hyundai Solar компаниясы Батыс Қазақстан облысына 81 млрд теңгеден астам инвестиция құятын болды. Бұл туралы келісімге халықаралық инвестициялық қауымдастықтың KGIR-2024 шарасы аясында облыс әкімдігімен компания өкілдері қол қойды.

Hyundai Solar KZ 777 компаниясы облысқа инвестицияны 4 жылға бөліп құяды. Жоба әсерінен облыста қосымша 120 жұмыс орны құрылады. Жоба аясында қалдықтарды өңдеу және өртеу кешені, жылыжай кешені, сондай-ақ күн панельдерінен электр қуатын өндіретін станция салынады.

Дөңгелек үстелге премьер-министр Олжас Бектеновпен қатар облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. 

«Батыс Қазақстан облысында біз инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайларды жасадық: қолайлы климат, дамыған инфрақұрылым және қуатты өнеркәсіптік және логистикалық әлеует. Өңірде жоғары технологиялық өндірістер ашылды, бұл одан әрі өсу үшін нақты экономикалық әлеует пен тұрақтылықты көрсетеді», – деді Төреғалиев.

Әкім сондай-ақ облысқа тартылған инвестиция көлемі туралы айта кетті. 2021 жылдан бері 1,6 трлн теңге инвестиция тартылған. Соңғы есеп бойынша 2023 жылы 645,6 млрд теңге тартылған, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 16,4 пайызға жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз