Lifestyle

Киногерлер президенттен «шенеуніктердің бассыздығын тоқтатуды» сұрады

Киногерлер президенттен «шенеуніктердің бассыздығын тоқтатуды» сұрады / Фото: Айдар Қырықбай

Қазақстан киногерлері сала басшылығының заңсыз әрекеттерін тию үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады. Ашық хат мәтінін 2 қарашада Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының алдына жиналған сала өкілдері оқыды.

Үндеу жасауға жиналған киногерлер бұл қадамға амалдары таусылғандықтан барып отырғандарын айтты.

«Үкімет пен «Қазақфильмнің» кино ісіне жауапты шенеуніктердің бассыздығы мен біліксіздігі және жауапкершіліксіздігі салдарынан кино саласындағы жағдай күннен күнге күрделеніп, қордаланған проблемалардың дер кезінде шешілмеуі салдарынан шегіне жеткен одан әрі ушыға түсуде», – делінген ашық хатта.

Жиналғандар 2021-2023 жылдары «Қазақфильм» жұмысына өзгеріс енгізу үшін мемлекеттен бөлінген миллиардтаған қаржының тағдырын бейхабар екенін айтты.

Олардың сөзінше, саладағы мамандар айлап жалақы ала алмай жүргенде, Ұлттық кино орталығының жұмысқа енді келген кейбір басшылары өздеріне сыйақы тағайындап алады. «Қазақфильм» басшылары да өз жалақыларын өсіру үшін студия қызметкерлерін жұмыстан шығарады.

Олар кино студияға тиесілі болған бұрынғы «Қазкинопрокаттың» Алматыдағы Рысқұлов көшесінде орналасқан ғимараты өзге меншікке берілгені жатқанын айтып, дабыл қақты.

«Сондықтан Сізге үндеу жолдап, елдегі кинематография саласындағы заңсыздықтарды тоқтату үшін, жағдайды өз бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз!» – делінген ашық хатта.

Кино саласының өкілдері осы мәселелер жайлы толыққанды танысу үшін президентті кино студияда өздерімен кездесуге шақырды.