Lifestyle

«Қазақфильм» президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров киногерлердің айыптауын жоққа шығарып, олардың уәжімен келіспейтінін мәлімдеді

«Қазақфильм» президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров киногерлер сынын жоққа шығарды/ фото: malim.kz

2 қараша күні кино қауымдастық өкілдері Алматы қаласында Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялап, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық кино студиясына» басшылық еткен азаматтарды айыптады. Осыған байланысты «Қазақфильм» президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров шағым айтушылардың сын-пікірі шындыққа сәйкес келмейді деп жауап берді.

«Құрметті киноматографтар! «Қазақфильм» киностудиясы ғимаратының ауласында болған жайтқа жауап бергім келді. Мемлекет басшысына жолдаған бейнеүндеуі мен онда айтылған детальдар шындыққа сәйкес келмейді. Бұған дейін, 2 қараша күні, киноматографияшылар одағы өкілдерімен және сала ардагерлерімен осы мәселе жөнінде кездесіп, сол кезде олардың ақпараты дұрыс емес екенін түсіндірген едік. Сол кезде ардагерлер одағына басшылық ететін Асанәлі Әшімов бұл мәселені байыпты түрде дөңгелек үстелде талқылап, арнайы топ құру керек екенін айтқан еді. Осы уәжге тоқталып едік. Бірақ басты үгітші, бастамашы өзінше әрекет жасауға шешім қабылдаған», – деді «Қазақфильм» ұлттық кино студиясы» АҚ басшысы.

Содан кейін Айдар Омаров даулы сұрақтар бойынша түсінік берді.

«Рысқұлов 101/ Б мекенжайында орналасқан «Қазақфильм» ғимараты сатылмайды. Бұл нысан апатты жағдайда тұр. Соған сәйкес бұл ғимаратты жалға беру дұрыс болмайды, сондықтан онда оқыс оқиғалар болуы мүмкін. Біз субарендаторлармен сөйлестік…», – деді Омаров.  

Сенбі күні бір топ киногер жиналып, өздерінің наразылығын білдірді. Олар «Қазақфильмге» бөлінген қомақты қаражаттың суға сіңген құмдай болып жоғалғанын, ұлттық киностудия қызметкерлері еңбекақыларын ала алмай жүргенін, «Қазақкинопрокат» ғимарат жеке  меншікке берілгелі жатқанын айтып, дабыл қақты.