Жаңалықтар

Эссе жазу, жеке квота, жаңа комиссия – «Болашақ» халықаралық бағдарламасының іріктеу ережесі өзгереді

«Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасына үміткерлерді іріктеу қағидасы өзгереді/ фото: kursiv.media

Қазақстан «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелерін ұсынып отыр, деп жазды ҚазТАГ.

Өзгерістердің бірі – халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарын бакалавриат сатысында оқыту үшін жеке квота бекітілмек.

Тағы бір жаңалық – студенттер екі серіктес ЖОО базасында ғылыми зерттеулер жүргізе алатын Split PhD докторантурасын енгізу ұсынылды. Басым мамандықтар тізімі басым бағыттар тізімі деп өзгертілді.

«Қосымша Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға үміткерлерді іріктеу қағидалары бекітілсін. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттары айқындалсын», — делінген қаулы жобасында.

 «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарайтын комиссия пайда болады. Құжатта шығындарды өтеу және стипендиаттардың басқа да сұраулары бойынша рәсімдердің ашықтығы мен шешім қабылдау процесін реттеу үшін комиссия құрылатыны жазылған.

Үміткерлерге мотивациялық хат – еркін нысанда эссе жазу қажет болады.

«Мотивациялық хат талапкердің бағдарламаның маңыздылығын сезіну деңгейін және оның алған білімін іс жүзінде қолдануға дайындығын бағалауға мүмкіндік беретін талапкердің жеке мақсаттарын, оның кәсіби жоспарларын және оқуға деген мотивациясын көрсететін маңызды элемент болып табылады» деп түсіндіреді жоба.

1993 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды. 1994 жылы АҚШ, Ұлыбританияға, Германия және Франциядағы университеттерге 187 қазақстандық шәкіртақы иегері жол тартты.