Бүгін Kursiv Media Ақтау қаласына ұшақтар қона алмай жатқаны туралы жазды. Әуе компанияларының ішінде FlyArystan рейстердің кешігу себебін түсіндірді.
2 қарашада сағат 06:40-та Атыраудан Ақтауға ұшақ көтерілуге тиіс болған. Бірақ қолайсыз ауа райына байланысты рейс шегерілді.
«Әуекомпания өкілдеріне жүгінген жолаушыларға сусындар, ыстық тамақ және қонақ үйге орналастыру ұсынылды. Барлық жолаушылар билет құнын толық қайтару немесе тегін қайта брондау мүмкіндігіне ие болды. Ақтау – Ыстамбұл тоғысу рейсін жіберіп алған жолаушылар да толық қайтарым немесе тегін қайта брондауды рәсімдей алады», – деп жазды компанияның баспасөз қызметі.
KC7277 рейсі бойынша Атыраудан енді кешкі сағат 22:00-ге таяу ұшқан әуе кемесі Ақтауға барып қона алмаған. Қалың тұман салдарынан Атырауға оралды.
3 қараша күні таңғы уақытта FlyArystan ұшағы Ақтаудан тағы да қайтып келді.
«Кідірістер кезінде жолаушыларға сусындар мен ыстық тамақ, сондай-ақ сұраныс бойынша қонақ үйге орналастыру және тұрғын үй жалдау құнын өтеуге кепілдік хаттар берілді. Қазіргі уақытта рейстің жоспарланған ұшу уақыты – 17:30», – деп хабарлады компания.