Белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышевтың шығынға батып отырған Fincraft Resources компаниясы «Орталық Азия инвестиция-консалтинг» деген еншілес мекемесін иелігінен шығарды. Кәсіпкер Fincraft Resuorces арқылы бұл компанияның 99,9 пайыз акциясына иелік ететін еді.
Инвестициялық компания иеліктен 1 қараша күні шағарылған. Fincraft Resources холдингі серіктестікті өз еркімен таратқанын хабарлады. Өйткені еншілес компания жұмысы тоқтап қалған.
Енді Fincraft Resuorces құрамында 5 компания қалды. Олар: BTM Holding limited жеке компаниясы, Sat Nickel ЖШС, «Ертіс» ферроникель комбинаты, SAT petrochemicals компаниясы. Сонымен қатар ARK Petrolium компаниясында 50 пайыз үлесі бар.
Қазақстан қор биржасындағы мәліметке сәйкес, Fincraft Resources акцияларының 78,85%-ы Fincraft Group-қа, 9,46%-ы – Heathpoint Holdings Limited-ке тиесілі.
Қазіргі кезде Fincraft Group компаниясы шығынға батып отыр. Компанияның жалпы шығыны 2023 жылы 655,2 млн теңгені, 2022 жылы 424,8 млн теңгені құрады. Ал биыл қаңтар-шілде айындағы шығыны 326 млн теңгені құраған. Шығынға белшесінен батса да, акционерлері – Кеңес Рақышев пен БЖЗҚ-ға 400 миллион теңгеге жуық дивиденд төлейтінін хабарлады.
Кеңес Рақышев Forbes.kz нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 19-шы орында тұр. Оның байлығы 435 миллион долларға бағаланады.