Жыл басында алтын кенішінде апат болған «Майқайыңалтын» компаниясы енді мониторинг жүргізілетін ірі салық төлеушілердің қатарына кіреді. Қаржы министрлігі мониторинг жүргізілетін ірі салық төлеушілердің тізбесін жаңартпақ.
Қаржыминнің бұйрығы Ашық НҚА порталында жарияланған. 2022 жылғы тізімге 354 ірі компания енсе, енді олардың қатарына «Майқайыңалтын» АҚ қосылып, 355-ке жетпек. Қаржы министрлігі 2025-2026 жылдары осы тізімге енген компаниялардың төлеген салығын ерекше бақылауда ұстайды.
Министр Мәди Такиевтің қолы қойылған құжат 15 қарашаға дейін ашық талқыда болады.
«Бұйрық жобасын қабылдаудың мақсаты – «Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2022 жылғы 15 желтоқсандағы № 1290 бұйрығының қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты 2025-2026 жылдарға арналған Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесін бекіту», – делінген қаулы жобасында.
«Майқайыңалтын» – Павлодар облысындағы ірі тау-кен кәсіпорындарының бірі. Ол алтын, мыс және мырыш өндірумен айналысады. 1932 жылы құрылған бұл кәсіпорын «Майқайың» мен «Алпыс» кен орындарын жер асты әдісімен игеріп келеді. 2023 жылғы аудиторлық есепке сәйкес, оны қазір кипрлік Rence Enterprises LTD компаниясы басқарады. Бұл компанияның иесі – Rence Gold Mountain Holdings Limited. Оның түпкі иесі Сербия азаматы – Милан Попович деп жазылған.
Компания жылына 300-500 мың тонна кен өндіріп, өнімнің бір бөлігі Ресейде өңделеді.
Жыл басында «Майқайың» кенішіндегі шахтада қайғылы оқиға орны алды: жұмысшылар отырған автобус жер астындағы бос кеңістікке құлап, бірнеше адам қаза тапты. Осыған байланысты кеніштегі өндіріс уақытша тотабылған болатын.
Арнайы комиссия жазатайым оқиғаға байланысты тексеру жүргізді. Соның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің толығымен кінәлі екені анықталды.
2023 жылы компания 9 млрд теңгеге жуық салық төлесе, биыл төлеген салығы күрт қысқарып, 2,2 млрд теңгені ғана құраған.