Тұтынушылық қарыз бен ипотека: Қазақстан халқының мойнындағы кредиті 20 трлн теңгеге жуықтаған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазір Қазақстан халқының мойнында 19,5 трлн теңге кредит бар. Халықтың алған несиесі жыл басынан бері – 16,6 пайыз, ал қыркүйекте 1,5 пайызға өскен.

Осы кредиттің 12,9 трл теңгесі – тұтынушылық қарыз. Тұтынушылық қарыз бір айда 1,6 пайызға артқан.

Тұтынушылық несие деген – клиенттің жеке мақсатта алған қарыз ақшасы. Қыркүйекте тұтынушылық қарыздың пайыздық мөлшерлемесі қымбаттап, 19,7%-дан 20,6%-ға дейін жеткен.

Яғни, тұтыну несиесі борышкердің қалтасына қымбатқа түсіп жатыр. Алайда несиенің қымбаттығы халықтың кредитке деген «тәбетін» төмендетіп жатқан жоқ. Керісінше, ресми статистика қазақстандықтар уақыт өткен сайын кредитке батып отырғанын байқатады.

Тұтынушылық несие мөлшерлемесінің 20,6 пайызға дейін артуы теңгемен берілген кредиттердің орташа сыйақысын 20,1%-ға дейін көтеріп жіберді.

Ипотекаға деген сұраныс жоғары

Қазіргі кезде банктердің балансында 5,8 трлн теңге көлемінде ипотекалық несие бар. Оның 1,4 трлн теңгесі – 2024 жылдың 9 айында берілген жаңа ипотека. Бұл бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 17,0%-ға артық.

Биыл берілген ипотека құрылымында мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар емес, банктердің өз бағдарламасы арқылы берілген несие көлемі артқан. 2024 жыл басынан бері нарықтық шарттармен 498,2 млрд теңгеге ипотека рәсімделген.

Былтырмен салыстырар болсақ, екінші деңгейлі банктерден ипотека арқылы үй алғандар қатары артқан. Ал рәсімделген қарыз көлемі 2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда 42,5%-ға артық. Ал мембағдарламамен 875,8 млрд теңгеге ипотека берілді.

Өңірлер бөлінісінде қарыз алатындар саны Алматы мен Астана қалаларында және Шымкент пен Қарағанды қалаларында жоғары. Бұл төрттіктің ішінде Алматы және Астана қалалары көш бастайды. Қалған 16 облыстың тұрғындарының несие алу көлемі орташа деңгейден төмен екен.

Сондай-ақ оқыңыз