Банк пен қаржы

Өңірлерді дамыту, инфрақұрылым жобалары мен «Жайлы мектеп»: Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферт қайда жұмсалды?

Жайлы мектеп
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Биыл Ұлттық қордан бөлінген нысаналы транфер негізінен өңірлерді дамыту, «Жайлы мектеп» жобасын қаржыландыру, жол жөндеу мен инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің КursivМedia сауалына берген жауабында айтылған.

Ұлттық қор туралы заңға сәйкес, үкімет қордан екі бағытта қаржы алады: кепілдендірілген және нысаналы трансфеттер. Кепілдендірілген трасферт бюджетке түскен соң, негізінен әлеуметтік блокты қаржыландыруға жұмсалады. Оның көлемі шектелген. Ал нысаналы трансферттен түскен ақшаға түрлі жобалар жүзеге асырылады.

Вице-министр Азамат Әмриннің қолы қойылған жауапта бастапқыда Ұлттық қордан 2024 жылы 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт бөлу жоспарланғаны жазылған.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 16 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес ҚР Ұлттық қорынан 2024 жылға 1,6 теңге мөлшерінде нысаналы трансферт бөлу қарастырылған», – делінген жауапта.

Нысаналы трансферттер есебінен қандай жобалар жүзеге асырылды?

Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттің 646,5 млрд теңгесі биыл «Жайлы мектеп» жобасына жұмсалған. Бұл қаржыға ел аумағында орта мектептер салынған.

Басқа инфрақұрылым жобаларға бөлінген қаржы – 488,5 млрд теңге. Сонымен қатар «Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде қалаларда сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамытуға 101,7 млрд теңге кеткен.

Одан бөлек, Ұлттық қордың нысаналы трансферті есебінен:

  • спорт нысандарын салу мен реконструкциялауға – 37,4 млрд теңге;
  • жылумен жабдықтау жүйелерін салу мен реконструкциялауға –
  • 66,4 млрд теңге;
  • газ тасымалдау жүйесін дамытуға – 82,7 млрд теңге;
  • республикалық деңгейде автомобиль жолдарын дамыту – 96,1 млрд теңге бөлінген.

Биыл бюджетке салық аз түсіп, қазынада қаржы тапшы болған соң, үкімет қыркүйек айында Ұлттық қордан қосымша 2 трлн теңге сұратып алғаны белгілі. Нәтижесінде биыл қордан алынатын нысаналы трансферт көлемі 3,6 трлн теңгеге жетеді. Қосымша бөлінген қаржы қаржы енді игеріліп жатқандықтан, есебі алдағы уақытта шығуы тиіс.