Қазақстанға келген IT-мамандар Digital Nomad Visa ала алады
Қазақстанға шетелдерден келген IT-мамандар елде тұрып, жұмыс істеу үшін Digital Nomad Visa-н ала алады. Жоба Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрлігінің бастамасымен іске қосылғалы отыр.
Жоба елдің цифрлық экономикасын дамыту үшін қолға алынған. DNV жобасына әлемнің түкпір-түкпірінен келген IT-мамандар қолдана алады. Министрлік шетелден келген мамандардың қазақстандық компанияларға қызығушылығын арттырып қана қоймай, әлемдік компанияларда қашықтан жұмыс істейтін мамандарды елге тартады деп үміттеніп отыр.
«DNV артықшылықтары: Икемді визалық режим: визаны беру және ұзарту рәсімдерінің жеңілдетілуі. 5G және спутниктік байланысқа қолжетімділік: ел аумағында тұрақты байланыс қамтамасыз етілген. Жергілікті мәдениетпен интеграция: бейімделуге, тұрғын үй іздеуге және кәсіби байланыстар орнатуға көмек көрсету. Мемлекеттік қолдау: бизнесті жеңілдету және инновациялық жобаларға қатысу мүмкіндігі», -делінген министрлік хабарламасында.
Бұл министрлік қолға алған цифрлық көшпенділер жобасының аясында іске асып отыр. IT-мамандарды елге тартуға арналған арнайы жоба жасау туралы тапсырманы маусым айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген еді. Тапсырма бойын жоба қазан айында іске қосылуы қажет еді. Бұған қоса, министрлікке Digital Nomad Residency жобасын дайындауға тапсырма берілген.