Дилер немесе алыпсатар: көлікті кімнен алған алған тиімді?

Жарияланды 4 Қараша 2024 17:33

(жаңартылды 4 Қараша 2024 18:16)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Дилер мен «сұр нарықты» тарапты да сараладық / Архив: kursiv.media

Соңғы жылдары көліктің жаңасын да, ескісін де автосалоннан да, алыпсатарлардан да алуға болады. Осыдан 3-4 жыл бұрын ғана автосалондар немесе ресми дилерлер тек қана жаңа, алыпсатарлар қолданыста болған көліктерді сататын. Алайда Covid-тен кейін нарықта өзгеріс болды. Автосалондар, дилерлер ескі көлікті сатып алып, сата бастады, Trade-in қызметі дамыды. Ал алыпсатарлар Дубайдан, Қытайдан, Кореядан көлікті көбірек әкеле бастады. Осылайша «сұр дилерлер» де көбейді. Қазір көлік алғысы келгендер көлікті қайдан алған дұрыс деген сұрақ мазалайды. Kursiv тілшісі бұл сұрақты саралап, артықшылығы мен кемшілігін сараптап көрді.

Дилердің ең басты артықшылығы неде?

Бұл ретте басты басымдық – көлікке ресми кепілдік беріледі. Егер ол ресми дилер болса, өндірушінің тікелей өкілі саналады. Кепілдік біткеннен кейін де қызмет көрсете алады. Қазақстандағы дилерлер авто қозғалтқышынан бастап, бөлшектеріне әр түрлі мерзімге кепілдік береді. Бұған қоса кейінгі 3-5 жыл аралығындағы сервистік қызметті атап өтуге болады. Осылайша зауыттың өзінен тікелей алынған бөлшектерді сатып алсаңыз болады. Екінші тұсы автоның жол апатына түспегеніне, алаяқтық әрекеттердің жоқтығына сенімді бола аласыз.

Ал диллердің кемшілігі неде?

Дилердің кемшілігі – бағасы. Мысалы: Zeekr 001 – ді ресми дилерден  Trade-in шартымен 22 250 000 теңгеге алсаңыз. Ал «сұр дилерден» 18 000 000 теңгеге алуыңыз мүмкін. Айырмашылығы 4,5 млн теңге.  Алайда ресми кепілдіктің болмауы, «сұр дилер» сататын көліктің Қазақстан нарығына арналмауы (көп жағдайда Қытай нарығына арналған) тәуекелді көбейтеді.

Алыпсатарлардың басты артықшылығы – баға саясаты

Алыпсатарлар баға жағынан тиімді шарттар ұсына алады. Сонымен қатар мұндай сатып алушылармен саудаласуға болады. Бұған көлікке қоса шина, полик сынды қосымша жабдықтардың тегін берілуі де артықшылық. Себебі ресми дилерлерде, мәселен, Hyundai Tucson-ның еденге төсегішін қосымша 15-20 мың теңгеге сатып алу керек.

«Сұр дилердің» де тәуекелі көп

«Сұр дилер» немесе алыпсатарлар көлік су жаңа болса да ондай кепілдік бермейді. Соңғы уақытта кепілдік береміз, дейтін компаниялар пайда болды. Алайда бұл шығарушы зауыттың кепілдігі емес, сатушы компанияның кепілдігі ғана екенін естен шығармаңыз. Егер көлік 2-3 айдан кейін бұзылып, шығарушының кінәсінен болса, дәлелдеу қиынға соғуы мүмкін. Сонымен қатар авто бұған дейін соғылып, жол көлік апатына түсіп, жаңадай қайта жасалып шығуы мүмкін. Мұны да ескерген абзал. Бұған қоса алыпсатарлардан алынған көліктің құжаттарымен мәселелер туындауы мүмкін. Егер көлікті вин-коды бойынша шетелдік базалардан тексеріп, төлемдерін қадағалап алмасаңыз осындай да қатер бар.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 5 млн-нан аса автокөлік тіркелген. Оның 80%-дан астамы жеңіл көліктер. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы мамырда есепке 137,9 мың автокөлік есепке қойылған. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,4%-ға кем. 

Қазақстандықтар көбіне бағасы 5 млн теңгеден төмен автокөлік сатып алғылары келеді. Сонымен қатар Курсив елде 5 млн теңгеге қандай көлік сатып алуға болатынын талдаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз