Қазанда қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділік индексі төмендеді
Қазанда қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділік индексі 50,6-ға дейін баяулады. Бұл туралы Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің түсіндірмесінде жазылған.
Жалпы қазанда іскерлік белсенділік көрсеткіші баяулай түсті. Бірақ көрсеткіш 50,9-ды құрап, тоғызыншы ай қатарынан оң аймақта қалды.
Қызмет көрсетуден басқа барлық секторда динамиканың жақсарғаны байқалды. Мәселен, өндірісте индекс – 52,8-ге (қыркүйектегі 52,3-тен), құрылыста – 52,0-ге (қыркүйекте – 50,4) дейін өсті. Ал тау-кен өнеркәсібінде де индекс теріс аймақта қалса да, көрсеткіш 49,4-ке (қыркүйекте – 48,9) дейін көтерілді.
Бірақ 2024 жылғы қазанда бизнес-ахуал индексі төмендеген. Кәсіп жүргізудің қазіргі және болашақ шарттарын бағалау динамикасы нашарлағанымен, бағалар оң аймақта қалды. Бизнес-цикл «сағатының» индикаторы да өсу аймағында қалыптасты.
Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, олардың өнімдеріне немесе көрсетілетін қызметтеріне деген сұраныстың өсу қарқыны әлі де баяу.
«Әсіресе, сауда саласында. Респонденттер инфрақұрылымға қолжетімділікті оң бағалады, алайда, қалған факторлар бойынша (бизнесті қорғау мәселелері, салық жүктемесі және қаржыға, кредитке қолжетімділік) теріс баға басым», – деп хабарлады Ұлттық банк.
Еске сала кетсек, қыркүйек айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік жақсара түскенімен, өсу қарқыны сәл бәсеңдегенін хабарладық.