Қазан айында Қазақстанда инфляция 8,5%-ға дейін үдеді. Оның себебі азық-түлік емес тауарлар бағасының айтарлықтай өсуі мен ақылы қызмет көрсету саласындағы бағаның қымбаттауымен байланысты.
Отандық көлік нарығында ерекше жағдай байқалады. «Талдау» аналитикалық жүйесінің мәліметтері бойынша, қазан айында Қазақстанда құрастырылған жаңа жеңіл көліктердің бағасы 35,5%-ға өсті. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғандағы жылдық көрсеткіш. Ал айлық динамика 3,5%-ды құрады.
Бұл өсім жалпы автомобиль нарығында емес, өткен айда сатылған автокөліктерге қатысты екенін ескеру керек.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, тұтыну бағасының индексі ескерілген. Ол қалай есептелді? Тұтыну бағасының индексі – диллерлік орталықтарда төленген авто құнына салықтарды қосқандағы нәтижесі. Бірақ мұндай көлікті жеткізгендегі қосымша төлемдер есепке алынбайды.
Бұл ретте мамандар 35,3%-ға өсу елдегі көліктердің қымбаттауымен ғана байланысты болмауы мүмкін деген тоқтамға келген.
Импортталған автокөліктердің орташа бағасы бір жылда 2,1%-ға төмендеді. Ал сатылған ескі шетелдік көліктер осы уақыт ішінде 5,1%-ға арзандағаны байқалды.
Еске сала кетсек, жуырда Қазақстанда ең сұранысқа ие көліктер тізімі жарияланған болатын. Қыркүйек айында ел аумағында ресми дилерлер 17 мыңнан аса жаңа жеңіл және коммерциялық авто сатқан еді.
2024 жылдың алты айында Қазақстанда жалпы сомасы 814,4 млрд теңгені құрайтын 62 435 бірлік техника шығарылды. Бұл ретте өндіріс 2023 жылмен салыстырғанда 14,6%-ға төмендеген болатын.