«Заречное» кенішінде технологиялық қалдықтар төгілгені рас па – «Қазатомөнеркәсіп» түсініктеме берді
Әлеуметтік желілерде Түркістан облысының Отырар ауданында орналасқан «ЗАРЕЧНОЕ» БК» АҚ кенішінде технологиялық ерітінділер төгілгені туралы бейнеролик таралған еді. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Компания хабарлауынша, кадрлар объективті және нақты жағдайды көрсетпейді. Өйткені ол жылдың әр мезгілінде түсірілген бірнеше эпизодтардан құралған.
«Қызметкерлердің арнайы жұмыс киімдері бейнеролик әртүрлі уақыт кезеңдерінде түсірілген деп болжауға мүмкіндік береді. Таратылған материалдар кеніште болып жатқан оқиғалардың орны мен уақыты туралы ақпаратты қамтымайтын субъективті түсініктемелермен бірге жүреді. Олар кеніштегі тұтас көрініс пен нақты жағдайды көрестпейді», – деп хабарлады «Қазатомөнеркәсіп».
Уран компаниясының дерегінше, қазіргі уақытта таратылып жатқан материалдың нақты түсірілген күндерін белгілеу мүмкін емес. Бұл ретте «Қазатомөнеркәсіп» өзінің барлық кәсіпорындарында қоршаған ортаны қорғау мен технологиялық процестерді бақылаудың қатаң стандарттары қолданылатынын атап өтті.
«Ішкі регламенттерге сәйкес өндірістік процестердегі кез келген ауытқуларға, сондай-ақ экологиялық нормалардың бұзылуына жол берілмейді. Жабдықтың ақаулары немесе экологиялық заңнама талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда қызметкерлер басшылықты дереу хабардар етуге және оларды жедел жою және қоршаған ортаға ықтимал әсердің алдын алу үшін шаралар қолдануға міндетті», – деп хабарлады өндіруші.
Бейнематериалдан туындаған қоғамдық резонансты ескере отырып, «Заречное» кенішіне АІІБ, Отырар ауданы әкімдігінің және «АМАНАТ» партиясының өкілдері, сондай-ақ бейнеролик орналастырған блогер барған. Сонымен қатар Түркістан облысы бойынша экология департаменті жоспардан тыс тексеруге кірісті. Оның аясында 21 қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін инспекторлар кеніштің өндірістік объектілерін тексеріп, зертханалық зерттеулер үшін топырақ сынамаларын алған.
Қазақстан уранының негізі өндірушісі – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 2024 жылдың І тоқсандағы жиынтық табысы 92,3 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,4% кем.