Легионерді ұрғаны үшін «Астана» футбол клубының бас бапкеріне 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Жарияланды 4 Қараша 2024 10:53

(жаңартылды 4 Қараша 2024 10:55)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Астана» футбол клубының бас бапкеріне 1 млн айыппұл салынды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Астана» футбол клубының бас бапкері Григорий Бабаянға легионерді ұрғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясы.

30 қазанда өткен «Астaна» мен «Атырау» командалары арасындағы ойында Грегорий Бабаян «Атырау» командасының легионеріне қол көтерген болатын. Артынша, кейбір ойыншылар мен жаттықтырушылар штабының өкілдері (оның ішінде Бабаян да бар) арасында жаппай төбелес болды.

Бұл мәселе бойынша, 2 қарашада Қазақстан футбол федерациясының бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің отырысы өтті.

«Қазақстан футбол федерациясының Этикалық кодексінің 10, 12 және 13-тармақтарын бұзғаны үшін, яғни «Астaна» мен «Атырау» арасындағы матчта қарсылас команда ойыншысына қатысты спорттық емес және қорлайтын әрекет жасағаны үшін, Этикалық кодекстің 48-тармағына сәйкес, «Астана» командасының бас бапкері Григорий Бабаян екі матчқа шеттетіліп, 300 АЕК (1 107 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», — делінген хабарламада.

Федерацияның мәліметінше, Бабаян айыппұлды 1 желтоқсанға дейін төлеуі тиіс.

Сондай-ақ, тәртіпсіздік әрекеттері үшін «Атырау» ФК командасына 369 200 теңге айыппұл салынды.

«Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік регламентінің 53-бабын бұзғаны, яғни қарсылас команданың бас бапкеріне қатысты қорлайтын әрекет жасағаны үшін, Тәртіптік регламенттің 74-бабының 4-тармағына сәйкес, «Атырау» командасының ойыншысы Матеус Барбоса Суареске 200 АЕК (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», — деп толықтырды КФФ.

3 қараша күні Астaна футбол клубы Қостанайда «Тобыл» командасына қарсы ойнап, 1-0 есебімен жеңілген еді. Бұл ойынға Бабаян қатыспады. Ал, келесі ойынды «Астана» футбол клубы 10 қараша күні Алматыда «Жетісуға» қарсы өткізеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Атырау» футбол клубының легионері Жоэль Каямба өзінің инстаграм парақшасында бас бапкерді сынға алып, федерациядан жауап күтетін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз