2027 жылы Қазақстанда бокстан әлем чемпионаты өтуі мүмкін, бұл туралы АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing халықаралық бокс федерациясының конгресінде айтылды.
Конгресс барысында, Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.
Айта кетейік, Қазақстанның бокс федерациясы ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанды. Бүгінде World Boxing (WB) ұйымына 55 ел кіріп отыр.
Сондай-ақ, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Конгресс қатысушыларын алдында сөз алып, U19 жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын және Конгресті ұйымдастырғаны үшін US Boxing ұйымына алғыс білдірді.
Өз сөзінде ол Португалияда өткен Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас Ассамблеясында әртүрлі елдердің Ұлттық Олимпиада комитеттері және Олимпиада қозғалысының өзге де спорттық ұйымдарымен кездесулер өткізген World Boxing Олимпиадалық комиссиясының жетістіктерін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясының (World Boxing) жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған еді.