Жаңалықтар

Валенсия халқы су тасқыны үшін Испания королін балшықпен атқылап, наразылық білдірді

Валенсия халқы Испания королін балшықпен атқылады / фото: reuters.com

Валенсия провинциясындағы Пайпорта қаласының тұрғындары Испания королі Филипп VI-ны балшықпен атқылады. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Король аймаққа жойқын су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау үшін келген болатын. Жергілікті халық билік тарапынан табиғи апаттың қаупі туралы дер кезінде ескертілмегенін және апаттан кейін баяу әрекет еткенін сынға алды. Апат салдарынан 200-ден астам адам қайтыс болды.

Филипп VI бұл сапарға жұбайы Летисиямен, премьер-министр Педро Санчеспен және басқа да шенеуніктермен бірге келді. Сапар барысында наразылық акциясына қатысушылар оларды балшық және басқа да заттармен атқылады.

Валенсия халқы Испания королін балшықпен атқылады / фото: reuters.com

AFP агенттігінің мәліметінше, наразылық толқыны негізінен премьер-министр Санчес пен Валенсия аймағының басшысы Карлос Масонға бағытталды. Сонымен қатар, корольдің бұған дейін жоспарланған Чива қаласына сапары кейінге шегерілді.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Испания тарихындағы ең күшті су тасқыны салдарынан 217 адам қайтыс болды, олардың 60-тан астамы Пайпортада. Бұл сан әлі де өсуі мүмкін, себебі іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, Валенсияда 29 қазан күні нөсерлі жауын басталып, соңы апатты тасқынға ұласты. Көптеген үйлер жарықсыз және сусыз қалды. Ең көп зардап шеккендер Валенсия қаласының маңындағы елді мекендер болды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Испанияда қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді.