Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Алакөлде кәріз инфрақұрылымының жүргізілмеу себебін атады. Айтуынша, жағалауда бизнеспен айналысып отырған өңір халқы жергілікті бюджетке лайықты көлемде салық төлемейді. Әкім аймақтағы кәсіп иелері салық төлесе, бюджетке түскен әрбір 1 тиынды жағалауға 3 тиын етіп қайтарып беруге уәде берді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Алакөлді туристік аймақ ретінде дамыту мүмкіндігі жоғары екенін, алайда кәріз инфрақұрылымы дұрыс дамымағандықтан, өңірдегі санитариялық жағдай көңіл көншітпейтінін айтты. Осы орайда БАҚ өкілдері әкімнен көл жағалауындағы дәретхана мәселесі қашан шешілетінін сұрады.
Ұранхаев бұл мәселені шешу үшін әкімдіктің тиісті шаралар атқарып жатқанын, ағынды суларды тазарту қондырғыларын орнату үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта сұйық және қатты қалдықтарға арналған жер бөлінді. Бұл ең басты мәселе болатын. Енді кәріз жүйесінің құрылысын жүргізу керек. Алайда көл жағалауында құрылыстардың бей-берекетсіз орналастырылғаны себепті, бұл мәселені шешу қиындай түспек»,- деді әкім.
Сонымен бірге Ұранхаев көлдің дамуын тежеп отырған тағы бір мәселені тілге тиек етті. Айтуынша, жағалауда 300-ге жуық туристік база мен дүкендер, көңіл көтеретін нысандар орналасқан. Бірақ олардан лайықты деңгейде салық жиналмай отыр. Маусымдық кәсіппен айналысатын бизнес иелері жергілікті бюджетке көбірек салық құйса, инфрақұрылым мәселесі тез шешіледі деп топшылайды өңір басшысы.
«Халық табыс тауып жатыр, бірақ салық төлеу мәселесіне келгенде, жағдай мәз емес. Егер әрбір жекеменшік иесі салықты дұрыс төлейтін болса, әрбір төленген 1 тиынның үстінен 2 тиын қосып, Алакөл жағалауына 3 тиын етіп қайтаруға дайынбыз. Теміржол ашылған соң, біздің бизнес иелері салықты дұрыс төлей бастайтын шығар деген ойдамын»,- деді әкім.