Жаңалықтар

Шерзат Болаттың қазасынан кейін көпшілікке танылған «Хуторлық Хасан» ұсталды

«Хуторлық Хасан» басқа қылмыстық іс бойынша қамауға алынған / Фото: Хасан Қасымбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Талғарлық жасөспірім Шерзат Болаттың қазасынан кейін «Хуторлық Хасан» атымен танылған Хасан Қасымбаев ұсталды. Бұл жайлы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті Шерзаттың Болаттың қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша ұсталған жоқ. Ол осыдан 2-3 жыл бұрын болған қылмыстық іс бойынша тергелмекші.

«2024 жылдың 2 қарашасында азамат А.-ның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және 2021 жылдың маусым айында жасалған ұрлыққа күдікті азамат Қ. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Полиция басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта аталған қылмыстардың барлық мән-жайлары жан-жақты тергеліп жатыр. Толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары кешенді жүргізілетіні хабарланған.

Еске сала кетейік, Талғардағы 16 жасар Шерзат Болаттың өлімінен кейін күдіктілердің Хасан Қасымбаевтың қылмыстық тобына кіретіні көп айтылды. Алайда 15 қазан күні Хасан Қасымбаев видео мәлімдеме жасап, өзінің бұл қылмысқа, сондай-ақ қылмыстық топтарға қатысы жоқ екенін айтты. Сонымен бірге өзіне қатысты дақпырттың таралуына жол берген адамдарды сотқа тартатынын мәлімдеді.

15 қазан күні кешке қарай, Хасанмен Қасымбаевпен туыстық байланысы бар екені анықталған Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Аслан Қасымбаевтың қызметінен кеткені хабарланды.

Айта кетейік, Kursiv.media басылымы Аслан Қасымбаевтың әкімдік аппаратындағы қызметіне қалай келгені туралы тарқатып жазған болатын.