Қазақстан мен Қытай 2,5 млрд долларға 8 коммерциялық келісімге қол қойды. Бұл жайлы Үкімет үйі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Шанхайға барған. Аталмыш келісімдерге осы сапар барысында қол қойылған. Осы 8 жобаның 5-уі Qarmet-пен байланысты екен.
Солайша, екі ел бірлесіп Qarmet-те мынадай жобаларды жүзеге асырмақ:
- Qarmet АҚ мен Zhengzhou Coal Mining Machinery Grouop-пен көмір өнеркәсібіне арналған жабдықтар өндіру саласында Qarmet АҚ көмір департаментінің шахталарына арналған механикаландырылған кешендер сатып алу туралы келіскен. Бұл шараға 70 млн долларға жуық қаражат тартылады.
- 161 млн долларға Qarmet АҚ мен Xinxing Ductile Iron Pipes Co.,LTD Қазақстанда жылдық қуаты 200 мың тонна болатын сфералық графиті бар беріктігі жоғары шойыннан жасалған құбырлар шығаратын зауыт салу туралы келісімге келді. Зауыт өнімі елде тұрғын үй-коммуналдық жүйесінің нысандарын салуға, жаңғыртуға, реконструкциялауға, кеңейтуге және жаңартуға пайдаланылмақ.
- Сонымен бірге компания Сhina Metallurgical Group Corporation-мен 1 млрд долларға тау-кен және металлургия салаларында ұзақ мерзімді және кешенді ынтымақтастық орнату туралы келісімге келген.
- Ал ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation компаниясымен бірлесіп, Qarmet 649 млн долдарға кокс-химия өндірісін жаңғырту және көмір химиясын дамыту жөніндегі стратегиялық жобаларды жүзеге асырады.
- Nanjing Fiberglass Research & Design компаниясымен 30 млн долларға Теміртау қаласында жылдық қуаты 100 мың тонна дайын өнім болатын домна қождарынан минералды жылытқыштар өндіретін фабрика салынады. Бұл фабрика 200 адамды жұмыс орнымен қамтиды деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-мен, QAZAQGAZ AIMAQ АҚ-мен Goldcard Smart Group Co., Ltd компаниясы арасында 8 млн долларға зияткерлік жүйелерді енгізу саласында ынтымақтастық орнатуға келіскен.
Ал Саран қаласында жүк техникалары мен арнайы техника түрлері шығарыла бастайды. Saran Machinery ЖШС мен Sinotruk International компаниясы 70 млн доллар сомасында дистрибуция және құрастыру саласы бойынша ынтымақтастық орнатпақ. Екі тарап технологияны лицензиялау және тауар белгілерін пайдалану бойынша келісімгпе келген. Бұл жоба жүзеге асырылса, 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Тағы бір жоба ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Қытайдың Silk Road Fund Co.Ltd. және Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company Ltd. мемлекеттік инвестициялық қоры арасында жүзеге аспақ. Екі тараптың кездесуі барысында құны 552 млн доллар болатын инвестициялық ынтымақтастық негіздерін белгілеу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған.