Шығыс Қазақстан өңірінде бәрі ерте. Таң да ерте атады, кеш те ерте батады. Осыған орай, журналистер Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысқан Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде уақыт белдеуін қалпына келтіру мәселесін қозғады.
«Өңірде түстен кейінгі сағат 4-те кеш қарая бастайды. Бұл өте ыңғайсыз. Халық уақыт белдеуі ауысқанына қатысты қарсылығын білдіріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда сіз неге өңір басшысы ретінде, тұрғындарға қолдау көрсетпедіңіз? Қазір қараңғы тез бататындықтан, бұл мектептен қайтатын екінші ауысым оқушылары үшін қауіпті. Өңір басшысы ретінде осы мәселені қалай шешу керек деп ойлайсыз»- деп сұрады журналист.
Алайда өңір басшысы күндізгі 4-те кеш қараяды деген журналист уәжімен келіспеді. Әкім кез-келген өзгеріске үйрену керек санайды. Бұл орайда бір уақыт белдеуінде тұратын Қытай елінен үлгі алу керек екенін айтты.
«Кез-келген өзгеріске үйрене білу керек. Сондықтан тым болмаса, бір жыл күтуге кеңес берем. Бір жыл өткен соң, бұл шешімнің оң немесе теріс әсер еткенін бағамдай аламыз. Мысалы көрші елді алсақ, бұл ел [аумағы] бізден әлдеқайда үлкен. Бірақ бүкіл ел бір уақыт белдеуін қолданады. Сондықтан бізге солардан үйренген жөн. Бұл шешімді Сауда және интеграция министрлігі шығарды. Бұл мәселе солардың құзыретінде»,- деді әкім.
Әкім уақыт белдеуін үш ай сайын ауыстыруға болмайтынын, сол үшін де шыдай тұруға шақырды. Ал өңір халқына ыңғайсыздық тудырып отырған уақыт белдеуі өзіне ешқандай жайсыздық әкелмегенін айтты.
Еске сала кетсек, 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Үкіметтің бұл шешіміне қарсылық білдірген қазақстандықтар көп ұзамай петиция жариялады. Бұл петицияға 60 мыңнан астам адам қол қойып, үкімет қарауына өтті. Алайда Сауда және интеграция министрлігі халық қалауын орындаудан бас тартты. Ведомстов UTC+5 уақыт белдеуін Қазақстан үшін ең тиімді деп санайды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бір сағат кері қайтарылған уақытты қалпына келтіру мәселесін тек 3 жыл өткен соң ғана қаралатынын айтты.